Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Атыраудағы колледж директоры мен оқытушылары арасындағы дауға облыс әкімдігі араласты

AstanaTV
05.09.2014ж. 20:00
1316
Атыраудағы колледж директоры мен оқытушылары арасындағы дауға облыс әкімдігі араласты

Атыраудағы колледж директоры мен оқытушылары арасындағы дауға облыс әкімдігі араласты. Жанжалға нүкте қою үшін студенттер сабақтан таратылып, жергілікті билік ұжыммен кездесу өткізді.

Естеріңізде болса, мұнай және газ технологиялық колледжі оқытушыларының наразылығы туралы апта басында баяндаған едік. Журналистерге шағымданған ұстаздар директордың жұмыс жасауға мұрша бермей, қуғынға ұшыратып жатқанын айтқан. Мұғалімдердің сөзінше, директор келісімшарт мерзімі аяқталмай жатып, оқытушыларды жұмыстан босатқан. Ал мән-жайға қаныққан облыс әкімі орынбасарының ойынша,  ұжымға іріткі салып отырған санаулы ғана оқытушы.

Шыңғыс Мұқан, Атырау облысы әкімінің орынбасары:

Егер кейбір мұғалімдер бұл колледжде жұмыс жасағысы келмесе, әртүрлі кедергі келтіретін болса, әрине, ондай мұғалімдер кез-келген ұнайтын жеріне барып жұмысын жалғастыратын болады. Қазақта бір жақсы сөз бар, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген. Осы мақалды осы жердегі кейбір келеңсіз жайға қолданғым келеді.

Айта кетейік, бұған дейін колледждің 21 оқытушысы директордың үстінен құзырлы органдарға арыз түсірген. Бірақ облыс басшылығымен кездесуден соң,  біразы «жаздым, жаңылдым, жазылған арызды оқымастан, қол қоя салдым» деп өкініш білдіріпті. Ал өз сөздерінен таймаған оқытушылардың бойында қудалау әрі қарай жалғасады деген қорқыныш бар. Айтуларынша, басшылық қарсы шыққандарды келісімшарт мерзімі аяқталысымен, жұмыстан босатып жатыр.

Айнұр Құсайынова, Атырау мұнай және газ технологиялық колледжінің оқытушысы:

1 ноябрь күні  менімен контракт бітеді. Мүмкін соны күтіп отыр, мені де жіберетін шығар. Өйткені арызға қол қойғандар Гүлфира Әлімжанова, Кенжегүл Шарапиева  контракт біткені үшін, оларды жұмыстан шығарып жіберді.  Қарсылық жасағаны үшін шығарып жіберді. 

Базаргүл ІЗІМОВА