Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Бек Эйр» компаниясы басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, бірқатар мәлімдемелер жасады

AstanaTV
11.01.2016ж. 20:00
1595
«Бек Эйр» компаниясы басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, бірқатар мәлімдемелер жасады

«Бек Эйр» компаниясына қатысты дау басылмай тұр. Бүгін әуе компаниясы басшылығы Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, өндірістік қауіпсіздік сертификатына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Басқарма төрағасы халықаралық үкіметтік ұйымның талаптарын қолдап отырған ішкі күштердің барын жайып салды. Олар компанияның жабылуына мүдделі, дегенді де қосты. Егер ішкі рейстер мен әуе тасымалы көліктері азайса, мұның соңы билет құнының көтерілуіне соқтырады. «Біз Қазақстан аумағындағы стандарттардың сақталуын қадағалайтын мемлекеттік органдарға бағынамыз. Ал сырттан келіп, ішкі ісімізге араласқандарға жауап беруге міндетті емеспіз», - дейді «Бек Эйр» компаниясы басшылығы. 

Альберт Жазыбаев, «Бек Эйр» авиакомпаниясының  заңгері:

«Бек Эйр» компаниясы IOSA аудиторлық тексерулерінен қорқып отырған жоқ. Кез-келген уақытта өтуге дайынбыз. Бұл талаптарды халықаралық ұйымдардың айтқаны бойынша істемейміз. Ұшу қауіпсіздігін өзіміздің мемлекеттік органдар қадағалауы қажет. Ол - Азаматтық авиация комитеті. Бізге тексеру жүргізетін шетелдік аудиторлардың қойған бағасы ғана емес, оның заңдылығы да күмән тудырып отыр.

Ішкі тасымалмен айналысатын әуе компаниясы IOSA халықаралық сертификатын алуды міндеттеген Қазақстан Азаматтық авиация комитетін сотқа берді. Тараптар енді аталған сертификатты алу туралы бұйрықтың заңдылығын дәлелдеуі тиіс. Бұл іс жақын күндері Астанадағы ауданаралық мамандандырылған сотта қаралмақ.

Айта кетейік, желтоқсанның соңында комитет 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап IOSA халықаралық сертификатын алмаған әуе тасымалдаушыларының жұмысы тоқтайтынын мәлімдеген. Бірақ «Бек Эйр» компаниясы бұл талап ішкі әуе рейстерін орындайтын кәсіпорындарға қатысты емес екенін айтып, дабыл қақты.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ