Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту жобасына 11 млрд теңге қаралып отыр

AstanaTV
11.01.2016ж. 20:00
2165
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту жобасына 11 млрд теңге қаралып отыр

Кәсіпкер болудың жолы қандай және өз ісіңді қалай кеңейтуге болады? Дәл осы мәселелер Шымкентте өткен  «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын талқылауға арналған екі күндік семинар-кеңесте талқыланды. Айта кетейік, аталған жобаның маңыздылығы Мемлекет басшысының жуырда республикалық басылымдарда жарияланған «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында қамтылған болатын. «Нұр Отан» партиясы бас болған  жоба нақ осы қарапайым ауыл азаматтарының төмен пайызбен несие алып, өз кәсібін ашуына мүмкіндік беретін болады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Манкент ауылының тұрғыны Захир Абдуллаев мал шаруашылығымен айналысады. Ірі қараны семіртіп, етке өткізуді кәсіп етіп келеді. Тірлігін бес-алты бас торпақтан бастаған шаруаның қорасында қазір отыз бес ірі қара малы бар. Ол пайызы төмен несие болса, рәсімдеп, шаруашылығын бұдан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Захир Абдуллаев, шаруа:

Малмен айналысып жатқанымызға 10-15 жылдай болып қалды. Ағаларыммен бірге істегенбіз. Енді мен өзім 3-4 жыл болды жеке шыққаныма. Бес-алтаудан жәй-жәйлап көбейтіп, енді, Құдай қаласа, одан да сәл көбірек ферма салып, көбейтеміз деген ниеттер бар. Енді бір 10-15 миллион теңге әрекет қылып жатырмыз аламыз деп несие.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, пайызы төмен несие беру. Осы мәселе  Шымкентте өткен семинар-кеңесте қаралды. Ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында, «Нұр Отан» партиясы мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бірлесіп, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын іске асыруды бастаған. Жоба аясында ауыл азаматтарына 6 млн теңгеге дейін төмен мөлшерлемемен шағын несиеге қол жеткізуге мүмкіндік тумақ. 

Қаныбек Жұмашев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Несиелер негізінен 500 мың теңгеден бастап жоғары беріледі, бес жыл мерзімге дейін. Пайыздық үлесі 5 пайыздан 7 пайыз арасында болады деп жоспарланып отыр. Негізінен ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға басты басымдық беріледі. Айталық бөлінген қаржының 80 пайызын соған жұмсау көзделіп отыр да, 20 пайызына қызмет көрсету саласына да жұмсауға болады.

Тұрақты жұмыс орындарын ашып жеке шаруашылықтар негізінде отбасылық бизнесті дамытуға бағытталған жоба «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы іске аспақ. Айта кетейік, бұл жоба облыста 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Екі жылда 26 мың тонна ет, 13 мың тонна сүт өндіріліп, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Отыз мыңдай адам кәсіпорындарға сүт өткізіп, тұрақты табыс тауып келеді. Бағдарламаны енді Ақтөбе, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында жандандыру көзделіп отыр.  Бұл бағытқа қазынадан 11 млрд теңге бөлінді.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Кейбір аймақтарда 3 миллион теңгеден азаматтар кредит алады да, өздері жұмсайды немесе той жасап жібереді. Немесе тағы басқа жасап, сол ақшаны таратып жібереді. Ал мынау ОҚО да өте тамаша пилоттық жоба жасалған. Бұл жерде шағын бордақылау алаңдары, шағын мал өсіру шаруашылықтарын жасап немесе шағын сүт өңдейтін, сүт шығаратын жобаларға қаражат беріліп жатыр. Ол енді пилоттық жобаны біз басқа өңірлерге де  апаруымыз керек.

Жиында ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін шағын несиемен қамтудың механизмдері, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында мал шаруашылығын дамыту жолдары талқыланды. «Нұр Отан» партиясы бас болған жобаның түпкі мақсаты - ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету. Осылайша олардың тұрмысын жақсарту.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ