Театр басшылары басты рөлді «сүйіктілеріне» сыйлайды. Ал жергілікті өнер ошақтарының 70
пайызы тек директордың пьесасын сахналауға ұмтылады. Киелі сахнада болып жатқан
шынайы жағдайды Парламентке келген Мәдениет министрінің өзі жайып салды. Үкімет
сағатына арқау болған өзге де мәселелерге Мөлдір Бақытқызы үңіліп көрген еді.
Бүгін әйгілі әртістер театр сахнасында емес,
саясат «сахнасында» төбе көрсетті. Олар Парламентке ешкімнің рөлін сомдауға келген жоқ. Тек, биліктегілер мәдениетке бет бұрса, дейді. Әйтпесе, жергілікті
театрлардың тағдыры әкімдердің көңіл-хошына қарап қалған.
Арыстанбек
Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт
министрі:
Қазіргі уақытта біздің театрлардың жағдайы ол әкімнің көзқарасына, әкім
театрды жақсы көрсе театр салады. Егер театр өнерін аса ұнатпаса, театрға уақыт
жоқ.
Сондықтан, театрлардың тізгінін
әкімдіктен алып, бір орталыққа беру керек деген ұсыныс айтылды. Сахна сыртындағы былықтар мұнымен бітпейді. Мәселен, директор мен көркемдік жетекші секілді жауапты қызметтерді
жалғыз адам атқарады. Өзі би, өзі қожа болған соң ойына келгенін істейтін
көрінеді.
Арыстанбек
Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт
министрі:
Директор болған соң пьесасын сатады, басты рөлде сүйікті жары ойнайды,
сосын өзі де ойнайды.
Алдағы уақытта мұны реттейтін
көркемдік кеңес құру жоспарда бар екен. Елімізде
ұзын-саны 114 театр жұмыс істейді. Бір ғана Лондон қаласында 200-ден астам
театр бар. Ал, Астанада әлі күнге дейін, тиісті Қазақ драма
театрының болмауын депутаттар ұятты жағдайға балады.
20 жыл өтсе де жағдай өзгермей қалып
отыр. Кішкентай бір 50 адам әрең сиятын
қалыпта қалып отыр.
Ал, театр төңірегіндегі түйткілдерді
жергілікті әкімдерге арта салған министрге мәжілісмендер мынадай мінездеме
берді.
Гүлнәр Сейтмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
ҚР Мәдениет министрінің еліміздегі
қазақтың ұлттық театрларының, қазақ драма театрларына деген көзқарасының,
позициясының жоқтығы бізді қынжылтады.
Арыстанбек
Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт
министрі:
Мен өз сөзімде бұл сұрақтарға нүкте
қойдым. Барлығы келеді де бәрі жақсы болады,
барлығын істейміз деп кетіп қалғаны, ол өте дұрыс емес. Депутаттар да білсін, ол шаралар не себепті шешілмей жатқанын.
Айтпақшы, Үкімет сағатында белгілі театр
тарландарының табысы да жария болды.
Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның театр қайраткерлері
одағының төрағасы:
Республикалық деп маңдай соғып көкірек қаққан, Әуезов, Лермонтов
театрларының ең жоғарғысы мысалы, Асанәлі Әшімовтың айлығы 89 мың теңге.
Ал аймақтарда 30 мыңнан аспайтын
айлыққа қарап отырғандар бар көрінеді. Содан
болар 8 бірдей облыста бас режиссердің орны бос тұр. Таланттардың көбі табыс
қуып, той-томалақ жағалап кеткені де айтылды. Бүгін, көтерілген бірсыпыра
проблема алдағы айда қабылданатын мәдениет саясаты туралы тұжырымдамада көрініс
тапқан. Бірақ, Мәдениет саласына Республикалық бюджеттен Жалпы ішкі өнімнің 0,2 пайызы ғана қаралған. Үкімет сағатынан
шыққандар «Түрме салғанша, театр салайық» деп
тарқасты.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ