Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Леонардо Ди Каприо ойнаған «Жансебіл» фильмі «Алтын глобусқа» ие болды

AstanaTV
11.01.2016ж. 20:00
3164
Леонардо Ди Каприо ойнаған «Жансебіл» фильмі «Алтын глобусқа» ие болды

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында әйгілі «Алтын глобус» жүлдесін тапсыру рәсімі өтті. Үздік фильмдер мен актерлер марапатталатын жүлде - «Оскардан» кейінгі ең атақты сыйлық. Биыл Леонардо Ди Каприо ойнаған «Жансебіл» фильмі «Үздік фильм» атанды. Туынды сондай-ақ «Үздік режиссер» номинациясы бойынша да марапатталды.

Бұл жұлдыздардың айна алдында сағаттап сәнденгеніне тұрарлық кеш болды. Қыруар қаржы да желге ұшпаған. New York Postтың есептеуінше, «Алтын глобустың» қызыл кілеміне шығу үшін, Голливуд  сұлулары шамамен 40 мың АҚШ ақшасын жаратады екен. Ал қызыл кілемге бет пен шаштың және тырнақтардың әдемі болып шығуы өз алдына бөлек шығынды құрайды. Жұлдыздардың жеке стилистке жұмсайтын қаржысы да осал емес. Сонымен, Леди Гага «Алтын глобусты» ең үздік қорқынышты фильмде ойнағаны үшін иеленді. Фильмде көрермендерін шикі етті көйлекпен шошытқан әртіс марапатқа «Мерилин Монро» стилінде келді.

«Үздік  сценарий» аталымын оскарлық Аарон Соркин иеленді, «Стив Джобс» фильмі үшін. Ал британдық Кейт Уинслет өзінің төртінші «Алтын  глобусын» иеленді. «Екінші пландағы үздік  актриса» номинациясымен марапатталды. Мэтт Деймон Ридли Скоттың «Марсианин» фильмі үшін, «Комедиялық немесе мюзиклдағы үздік актер» атағымен мараппаталды. Жұлдыз «комедиялық актер» атын өз сөзінде дәлелдеді.

Мэт Деймон, «Алтын глобус» сыйлығының иегері:

Адамдардың сенің фильміңді жоғары сұраныспен көретіні қандай жақсы. Бұл сирек кездеседі. Ешқандай сұраныcқа ие болмайтын көптеген фильмдерге түстім. Бұл теңдессіз командалық жұмыс болды.

Марапаттау рәсіміне - голливудтық «Рэмбо» - Сильвестер Сталлоне де келді. Оған «Екінші пландағы үздік актер» номинациясы бұйырды. «Крид» фильміндегі рөлі үшін. Кино әлемінің ардагері рәсімге өзінің қыздарымен келген.

Дженнифер Лоуренс  «Джой» фильмі үшін ең үздік комедиялық жанр номинациясын иеленді. Жұлдыз сахнада осы туындыны түсірген режиссерге алғысын  жеткізді.

Дженнифер Лоуренс, «Алтын глобус» сыйлығының иегері:

Менің осы сахнаға шығып, марапатқа ие болуым сенің арқаңда, Дэвид. Мені өзіңнің фильмдеріңде ойнауға шақырғаның үшін рахмет. Сенің киноөнеріне деген махабатың шексіз.

«Алтын глобустың» «Үздік фильмі» болып «Жансебіл» картинасы танылды. Туынды «Үздік драма» аталымын иеленді. Режиссер Алехандро Гонсалес Иньяриту мен басты рөлді сомдаған Леонардо Ди Каприо марапатталды. Мамандардың пікірінше, «Алтын глобус» - «Оскарға» апаратын тура жол. Демек, «Титаник» жұлдызының болашақта «Оскарды» иеленуі де бек мүмкін. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ