$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Батыстағы мұнай компаниясына екі жарым млрд теңгеден астам айыппұл салынды

AstanaTV
25.09.2014ж. 10:00
1665
Батыстағы мұнай компаниясына екі жарым млрд теңгеден астам айыппұл салынды

Екі миллиард сегіз миллион теңге! Табиғатты ластағаны үшін Батыс Қазақстан облысындағы шетелдік инвестор - «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы осындай айыппұл төлейтін болады. Бұл жайында арнамызға облыстық соттың судьясы Хабиболла Аманқұлов айтты.

Қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен ластау бүгінде шетелдік компаниялар үшін әдетке айналғандай. Өйткені, судья дерегінше батыс өңірдегі Қарашығанақ кенішін игеруші аталған компанияға осындай айып кем дегенде жылына екі рет тағылады екен. Бұл жолы кенішті игеруші компания зиянды газдарды еш рұқсатсыз өз бетімен жаққаны үшін кінәлі деп танылған. Мұнымен келіспеген шетелдік инвестор, аппеляциялық сотқа кері шағым түсіргенімен, олардың талап арызы қанағаттандырылмады.

Хабиболла Аманқұлов, БҚО сотының судьясы:

Апелляциялық сот алқасы соттың алғашқы шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімі шығарылған күннен бастап өз күшіне енді. Енді «ҚПО» компаниясы айыппұлды толығымен өтеп, мемлекет пайдасына 60 млн теңге мемлекеттік баж салығын қосымша төлейді.

Еркін ҚАРИН