Бүгін түнде тұтқындалған Қарағанды
облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев өзін кепілдікпен босатуды сұрап отыр. Қорғаушыларының
айтуынша, ол тергеу амалдары жүретін екі ай ішінде үй қамақта отыратынын, қаладан
шықпауға дайын екенін жеткізген. Үй қамаққа сұрану себебін қарт анасы мен
кәмелет жасқа толмаған екі баласына қарау керектігімен түсіндірді. Бір ұлының
қант диабетімен ауыратынын да айтқанымен, күдіктіге сот жанашырлық танытпады.
Әлия Жошева, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы сотының
баспасөз хатшысы:
Бұл жағдайда сот процеске қатысқан барлық тараптарды тыңдап, материалдарды
зерттей келе қаржы полициясы тергеушісінің қамауға алу жөнінде талап арызын
қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін Қарағанды қаласы Қазыбек
би аудандық соты Бауыржан Әбдішевті 2 айға қамау туралы санкция шығарды. Оған қатысты қызмет бабын асыра пайдалану дерегі бойынша
екі қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде ол 23-қыркүйектен 24-қыркүйекке
қараған түні ұсталған.
Тергеу материалдары бойынша, бұрынғы
әкімнің тұсында Қарағанды облысында жер телімдері саудасында қитұрқылыққа жол
берілген. Алайда Әбдішев сотта өзінің кінәсіз
екенін мәлімдеді.
Айгүл ӘДЕПБАЙ