Шымкентте полиция қызметкерінің
табелді қаруы қолды болды. «ОКА-74» автоматы екі күн бұрын, тапа-тал түсте
жоғалған. Қару отыз дана оғымен бірге көлік
ішінен ұрланған. Оқиға шаһардағы дәмханалардың
бірінің маңында болған. Жол патрульдік полициясы сержантының алдын ала тергеуде
берген жауабына сүйенсек, сол күні ол дәмханаға түстенуге кірген.
Ал қызметтік қаруын көлік ішіне қалдырады.
Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше,
26 жастағы сержанттың полиция қатарында қызмет еткеніне екі жыл болған. Қазір ол қызметтен шеттетілді. Ал жоғалған қару әлі
табылған жоқ. Сержант сол күні түстенуге танысының шетелдік автокөлігімен
барған көрінеді. Ал көліктің ешбір жеріне зақым келмеген. Оқиғаға байланысты
екі қылмыстық іс қозғалды.
Ермек Әйтімов, Абай ауданы
прокурорының орынбасары:
ҚР Қылмыстық кодексінің 255-бабы 1-тармағымен «Қару ұрлау» бабы бойынша
қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, полиция қызметкерінің үстінен «салғырттық»
бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Аталған бап бір жылға дейін бас бостығынан айыруды
қарастырады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл онша ауыр дәрежелі қылмысқа жатпайды.
Сол себепті сотталмауы да мүмкін.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ