Келер жылдың 1-қаңтарынан Қырғызстанда
телехабар таратылуы тоқталуы мүмкін. Бұл туралы елдің бұқаралық ақпарат
құралдары жариялауда.
Телевизия саласы қызметкерлері премьер-министр Джоомарт
Оторбаевқа арнайы хат жолдаған. Онда телекомпания басшылары, Қырғызстанда
аналогтық хабар тарату жүйесі толықтай өшірілгенше, қолданыстағы рұқсат
қағаздардың мерзімін созу туралы сұраған.
Олардың пікірінше, талап орындалмаса,
елдегі әлеуметтік жағдай ушыға түсуі мүмкін. Жалпы әңгіме Қырғыз
республикасында «хабар тарату лицензиясы жүйесіндегі» жаңа заң турасында болып
отыр. Құжатқа сәйкес, теле-радио толқынын алу рұқсатнамасы қатаңдатылған. Нәтижесінде,
мемлекеттік және жеке телекомпаниялар тиесілі рұқсат қағаздарын алып
үлгермеуде. Осы ретте басшылары аналогтық
таралымнан сандық телевизия жүйесіне көшкенше, премьерден нормативтік құқықтық
актілерді қайта қарауды сұрауда.
Жұрағат БАМАН