$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Семейде мектеп асханасынан уланғандар саны 57 адамға жетті

AstanaTV
29.09.2014ж. 20:00
1448
Семейде мектеп асханасынан уланғандар саны 57 адамға жетті

Семейде 32 оқушы әлі жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Тағы 22 бала үйде ем қабылдауда. Еске салайық, 24-қыркүйекте №19-мектепте үшінші сынып оқушылары түскі астан кейін өздерін нашар сезініп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Барлығы 56 оқушы дәрігер көмегіне жүгінді.

Қазір балалардың жағдайы бірқалыпты. Жаппай улану дерегін шұғыл анықтау үшін, дәрігерлер мен төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет және ішкі істер органдары өкілдерінен құралған арнайы штаб құрылды. Дәрігерлердің айтуынша, ауру таратқан - балық котлеттері. Алдын ала болжамға сай, тағам дұрыс сақталмаған. Өйткені бірінші ауысымдағы оқушылар да дәл осы аспен тамақтанған.

Қазір мектеп асханасы жабық. Ондағы аспаздар мен жұмысшылар түгелдей медициналық тексеруден өтіп жатыр. Қалған тамақтар сараптамаға жіберілді. Полицейлер тергеу жұмыстарын жүргізуде. Улану себебі сараптама дайын болған соң, белгілі болмақ.

Сәуле Мұқышева, ШҚО Денсаулық  сақтау басқармасы бастығының орынбасары:

Бүгінде жағдай тұрақталды. Екі жарым тәуліктен бері 32 бала күндізгі бөлімде ем қабылдауда. Жансақтау бөлімінде ешкім жатқан жоқ. Барлығы палатаға шығарылды. Арнайы құрылған штаб жағдайы күнде тексереді. Cынамалар алынды. Алғашқы түскен 23 баланың сынамасы ертең дайын болады. Анық-қанығын диагнозды қолымызға алған соң, айтамыз.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ