$523.2 €594.3 ₽6.38
×

Петропавлда тұрғын үйлердің кейбірі жылуға қосылуға дайын емес

AstanaTV
29.09.2014ж. 20:00
1378
Петропавлда тұрғын үйлердің кейбірі жылуға қосылуға дайын емес

Петропавлда жылыту маусымы басталды. Алайда қаладағы тұрғын үйлердің кейбірі жылуға қосылуға дайын емес. Кей баспаналарда құбырлар сыннан өтпесе, енді бірінде жаңғырту жұмыстары әлі бітпеген. Мәселені қалалық әкімдік өз қолына алып, арнайы комиссия құрды.

«Қыстың қамын, жаз ойла», - дейді қазағым. Осы мақалға мән берген адамдар жазды күні құбырларға қысым жіберіп, уақытында жөндеп қойған. Мәселен, Ғабит Мүсірепов көшесі 5-үйдің тұрғындары бар жұмысты тамыз айында тындырып қойып, қазір жылы пәтерлерінде рақаттанып отыр.

Вера Гмызина, тұрғын үйді басқарушы:

Құбырларды қысыммен тексеру жұмысын біз тамыздың 15-де бастап, 28-нде толық аяқтадық. Бұған 21 мың теңге кетті. Жыл сайын бұл жұмысты алдын ала істейміз. Нәтижесінде күзді күні уақытында жылуға қосылып, тұрғындардан шағым түспейді.

Десе де, күздің сүйектен өтер суығында жылусыз пәтерде бүрсеңдеп отырғандар көп. Суық температурадан балалар тұмауға шалдыққан. Жылусыз қалған үйлердің тұрғындары бар қиындық - үйді жаңғырту жұмыстарының уақытылы аяқталмауынан туғанын айтып отыр. «Құбырларды шілде айында ауыстыра бастаған жылумен қамту кәсіпорны жұмыстарын күні бүгінге дейін аяқтамаған», - дейді базыналы бұқара.

Ольга Павленко, тұрғын үйді басқарушы:

28-шілдеде ыстық су тоқтатылып, жөндеу жұмыстары басталды. Ал жаңа құбырларды таяуда ғана әкеле бастады. Оларды қашан орнатып болады? Қазанның 18-де жылу береміз дейді. Бұдан бөлек, қысым беру жұмыстарын жүргізу керек. Ол қашанға дейін созылады? Жылу бергенше, ауру боламыз. Міне, осындай шешімге келдік.

Жылумен қамту кәсіпорны осы жағдайға қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Жалпы, Қызылжарда шамамен 1030 үй болса, бүгінде оның 300-ге жуығы жылусыз отыр. Қазір үй басшылары жаппай баспана паспорттарын дұрыстауға көшті. Ал кейбір үйлердің тұрғындары күннің суықтығына қарамастан, қаржыларын үнемдеп отырса керек. Бұл қала әкімдігінің өкілдерінің сөзі.

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

Шамамен, қырық шақты үйде жылу есептегіш құралдар орнатылмаған. Сондықтан, олар коммуналдық төлемдерді мейілінше азайту үшін жылуға әлі қосылмай отыр. Қазанның басында күн әбден суытқасын, оларға жылуға қосылуға тура келеді. Ал қалған үйлер жылумен кесте бойынша қамтылып отыр. Қазанның 7-не дейін түгел дерлігіне жылу беріледі деп ойлаймыз.

Шенеуніктердің айтуынша, қазір құбырларды ауыстыру жұмыстарының да қарқыны күшейді. Олар тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бір аптадан кейін аяқталады деген уәде беріп отыр. Айта кету керек, қалалық әкімдікте маусымдық қарбаласты бақылайтын арнайы штаб құрылды. Комиссияның мақсаты - пәтер иелері кооперативі мен жылу электр станциясы арасында туындаған мәселелерді жүйелі түрде шешіп, тұрғындардың жүз пайыз жылумен қамтылуын қадағалау.

Абзал ҚҰРМАНКИН