$515.03 €584.82 ₽6.24
×

15 баланы бауырына басқан Зүлфия Түленова Таразда тұрады

AstanaTV
29.09.2014ж. 20:00
1362
15 баланы бауырына басқан Зүлфия Түленова Таразда тұрады

«Мен тек мүгедек балаларды асырап аламын». Кемтар балаларды бауырына басқан Зүлфия Түленованың ұстанымы бұл. Екі жыл бұрын бұл отбасының қарауындағы балалар саны 9 болса, бүгінде 15-ке жетті. Олардың үшеуі - патронаттық тәрбиеде. Арасында орыс, дүнген, татар мен қырғыз ұлтының балалары бар. Жуырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде «отбасыларда патронатты тәрбие беруді кеңейту үшін заңнамалық негізді нығайту керек» деген еді. Біздің елде бұл үрдіс қалай жүріп жатыр? Тоғжан Жалғасбекқызы тарқатады.

15 баланы бауырына басқан Зүлфия Түленова Таразда тұрады. Жолдасы Бақытбек Нұрқалиев екеуі 2007-жылдан бері жетімдер мен қараусыз қалған бүлдіршіндерді асырап алумен айналысады. Мұндай қадамға баруға өз балаларының ауыр дертке шалдығуы сеп болыпты. Дәрігерлер ұлына Даун синдромы диагнозын қояды. Баласының «адам болмайтынын» айтып, балалар үйіне қалдыруға кеңес береді. Алайда абзал ана өз баласын жаттың қолына тапсырмайды, керісінше, мейірімі молаяды. Міне, содан бері, тас жүрек аналар тастап кеткен балаларға бас-көз болып, аядай бөлмесінде асырап отыр.

Зулфия Түленова, көп балалы ана:

11 бала алдым. Қалған төртеуін ата-аналар бас тартып, әкеліп тастағандар. Мүгедек. Көп адам қазіргі кезде сау баламен жұмыс жасағысы келеді. Сау бала асырағысы келеді. Ал бұларды біз мүгедек екен деп, шектеп тастауымызға болмайды ғой. Мен еш уақытта да қалалық жүріп жатқан автобустарда ұялмаймын балаларымды алып жүруге, өйткені, көрсін адам қандай? Адамның мына өмірін қалай түсіну керек?! Сол үшін ортаға алып жүрем, еш уақытта шеттетпеймін.

13 жасар Леонид осы үйге келгелі қазақ болдым, деп мақтанады. Осыдан үш жыл бұрын әпкесі екеуін бірге асырап алған. 15 баланың ішіндегі 12 мүшесі сауы осы ғана. Кешегі жетім балалар үйінің тәрбиеленушісі - тастанды бала болмасын, деп тілейді.

Леонид Садықов:

Осы жақта біз көңілді ойнап жүрміз. Осы жақ маған ұнайды. Осы балалар үйінде жетім балалар болмасын. Ата-аналары болсын. Мен сияқты бақытты жүре беруіне тілектеспін.

2012-жылы Қазақстанда 2162 бала, ал 2013-жылы 1947 бала патронатты тәрбиеге алынған. 2004-жылдан бері мемлекет қамқорлығына бала алғандарға ең кемі 35 мың теңгеден айлық төйлейді. Оған қоса, ай сайын берілетін жәрдемақы бар. Ал 2014-тен бастап патронатты ата-аналарға қойылатын талаптан - міндетті түрде педагогикалық білімі болуы керек деген бөлім алынып тасталды. Ал бала асырап алатындар үшін келесі жылдан бастап бір рет берілетін жәрдемақы қарастырылуда.

Диас Әбілдаев, БҒМ Қамқоршылық, қорғаншылық және халықаралық бала асырап алу басқармасының басшысы:

2015-жылдан бастап бала асырап алған Қазақстан азаматтарына біржолғы ақшалай көмек қарастырылды. 75 айлық мөлшерінде.

Зүлфия Түленова патронатты тәрбиедегі үш бала үшін мемлекеттен айына 38 мың теңге алады. Ал қалған мүгедек балалардың әрқайсына 18 мың теңгеден. Жолдасының да өзінің де бар жұмысы - осы балаларды бағып-қағу. Бұл шаңыраққа 5 жасында келген Нұрбол Құттыбаевтың қос қолы жоқ. Туылғанынан сондай. Алайда, ас-ауқатты аяғымен ішеді. Жазады, сызады. Мейірімді ана болса, «мүгедек жандарға медеу болып, оларды қоғам қатарына қосу парызым» дейді. Сал болған сәбилерді бағып-қағып қана қоймай, түрлі ауруханалардың табылдырығын тоздырып жүр. Бірінің қолы қимылсыз қалса, бірінің аяғы адым аштырмайды. Бірақ, Зүлфия Түленованың 15 баламен тоқтайтын түрі жоқ. Әзірге, тек үйінің тарлығы тоқтатып тұр. «Әйтпесе, әлі талай тастандыны бауырыма басып, тәрбиелеуге дайынмын», - дейді батыр ана.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ