$520.93 €609.07 ₽6.68
×

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Қызылорда облысы аумағындағы құрылысы аяқталуға жақын

AstanaTV
12.01.2016ж. 20:00
5639
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Қызылорда облысы аумағындағы құрылысы аяқталуға жақын

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда облысы аумағындағы құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа көлік трассасы іске қосылса, Азиядан Еуропаға жүк тасымалдауға даңғыл жол ашылмақ. Маңызды нысанның құрылысымен танысып қайтқан тілшіміз Шарипа Сақтапованың репортажы.

Ауқымды халықаралық көлік дәлізінің 812 шақырымы Қызылорда аймағынан өтеді. Осынша шақырым жол бүгінде толық дайын десе де болады, тек ұсақ-түйек жұмыстар қалған. Көліктер магистральмен жүйткіп жатыр. Жаңа жолды  алғашқылардың бірі болып сынақтан өткізген жүргізушілер де сапасына риза. 

Алексей Злобин, көлік жүргізушісі:

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жүргенде, демалып қаламын. Жол тақтайдай тегіс, өте жақсы салынған. Қыстың өзінде кедергісіз өтіп келеміз. Уақытылы тазартылып отырады. Бұрынғы жолмен салыстыруға да келмейді.

Аса маңызды жоба Елбасының тікелей бастамасымен 2009 жылы қолға алынған. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі Қытайдан бастауын алып, Ақтөбедегі Мәртөк елді мекеніне дейін созылады. Ол жерден Ресейдің Орынбор облысына жалғасып кетеді. Қазақстан аумағында 2 452 шақырым жол салынуы тиіс болса, оның басым бөлігі Қызылорда облысының еншісінде.

Нұртай Қуанышбаев, Қызылорда облыстық автомобиль жолдары жолаушылар көлігі басқармасының бөлім басшысы:

Қазір бірінші категориясы 246 шақырым, қалған 566 шақырымы екінші категориялық жолға жатады. Біздің облысымыз бойынша 812 шақырымның барлық жоғарғы қабаты - асфальтовое покрытие дейміз - барлығы салынып қойған. Артықшылығы жобаның - Қызылорда облысының жеті ауданының жанына өтеді. Осы аудандардың дамуына осы жол үлкен септігін тигізіп отыр.

Күрделі құрылыс жұмыстарына кәсіби мамандар тартылған. Олар негізгі жолмен қатар, оның бойындағы айналма жолдар мен көпірлердің құрылысын да қолға алды. Жол құрылысына жауапты азаматтардың айтуынша, қазірдің өзінде транзиттік жүк тасымалы басталып кеткен.

Назим Ашуров, жол құрылысына жауапты компания директоры:

Жолдар толығымен пайдалануға беруге дайын. Жиектерін бекіту жұмыстары қалды. Бас-аяғы жиырма төрт көпір салынды. Соның бірі Сырдарияның үстімен өтетін облыстағы ең үлкен көпір болып саналады. Бұл жол халықаралық сауда жолы болмақ, елдің экономикалық дамуына да септігін тигізеді. 

Көлік дәлізінің Қызылорда облысы аумағындағы бөлігі алдағы көктемде пайдалануға берілмек. Ал «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолы осы жылдың аяғында толығымен іске қосылады деген жоспар бар.  

Шарипа САҚТАПОВА