$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Депутаттар Президенттен Мәжілісті таратып, кезектен тыс сайлау өткізуді сұрады

AstanaTV
13.01.2016ж. 20:00
2205
Депутаттар Президенттен Мәжілісті таратып, кезектен тыс сайлау өткізуді сұрады

Мәжіліс депутаттары Президентке Үндеу жолдады. Онда халық қалаулылары парламенттің төменгі палатасын таратып, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуді сұраған. Тиісті Үндеу парламент қабырғасында Мәжілістің үш фракциясы өкілдерінің қатысуымен өткен жиында оқылды. Депутаттар бұл бастаманы жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында аса қажетті қадам деп түсіндіреді. Азамат Алдоңғаровтың бейнематериалы.

Қазір жалпы отырыс болады, сонан кейін көресіңдер.

Парламентті тарату туралы үш фракция атынан айтылған бастама жалпы отырыстан бұрын жария болды. Сәрсенбінің таңында пленарлық отырыс басталмай тұрып, арнайы брифинг өтті. Мәжілістегі үш фракцияның өкілдері, яғни "Нұр Отан", "Ақ жол" және "Халық коммунистері" партияларынан сайланған депутаттар мемлекет басшысына Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату және кезектен тыс сайлау тағайындау туралы Жарлық қабылдау  жөніндегі бастамамен жүгінді. Және мұның себептерін атады.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін, біз бесінші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастама көтереміз.

Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХКП фракциясының жетекшісі:

Мәжіліс Ұлт жоспарының кедергісіз орындалуына қажетті заңдарды әзірлеп, өзінің тарихи миссиясын орындады. Парламент бес реформаның әрқайсысы бойынша 80-ге жуық заң қабылдап, оларды іске асырудың жол картасын жасады. 

Дағдарысқа қарсы шараларды тыңғылықты жүргізуде әлемдегі геосаяси және экономикалық ахуал ескерілуі керек. Ал парламенттің халықтың сеніміне ие болуының маңызы орасан. Сонда ғана елді дамыту жолындағы қадамдарды жалғастыра береміз, десті фракция өкілдері.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Біз ұлттық кәсіпкерлер партиясы ретінде еліміз үшін аса жауапты кезеңде жыл бойы сайлау науқанына алаңдамай, парламенттің кезектен тыс сайлауын неғұрлым қысқа мерзім ішінде өткізу жөн деп санаймыз. Сосын Қазақстанда түбегейлі жаңғыртатын келелі іске тың қарқынмен біржола кіріскен абзал.

Бастамашыл топтың тағы бір ұсынысы бар. Ол Мәжіліс сайлауын жергілікті жерлердегі мәслихат сайлауымен біріктіріп өткізу бастамасы. Осылайша дағдарыс кезеңінде қаражат пен уақытты үнемдейміз, - десті фракция өкілдері. Бұл бастама іле-шала өткен палатаның жалпы отырысында дауысқа салынды. 

ҚР Президенті атына Үндеу бір ауыздан қабылданды...

Мәжілістің бесінші шақырылымдағы құрамының өкілеттік мерзімі биыл қараша айында аяқталады. Айта кетерлігі, мұның алдындағы төртінші шақырылым 2011 жылы мерзімінен бұрын таратылған болатын. 2012-нің қаңтарында парламенттің жаңа құрамы жасақталған-ды.

Сайлау туралы Конституциялық заңда: «Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей талаптармен жүзеге асады. Тоғыз депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы іс басындағы Парламенттің өкілеттік мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі», - делінген.  Кезектен тыс сайлау өткізу қажеттілік деген пікірді сарапшылар да қолдайды. Бесінші шақырылымның депутаттары Елбасының бес институционалды реформасына қажетті заңнамалық базаны әзірледі. «Енді оны іске асыру үшін тың күш қажет»,  дейді Ғани Нығметов.

Ғани Нығметов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президентi:

Парламентке жаңа адамдар керек, менің ойымша, осы экономиканы түсінетін, осы реформаларды қолдайтын және іске асыратын. Сол үшін уақытты жібермей, парламенттік сайлауды өткізіп, Парламентімізді сайлап алып, осы 5 реформаны іске асыру үшін біз толығымен әлеумет болып, қоғам болып жасау керекпіз.

Айгүл Садуақасова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы орталығының жетекшісі:

Алдағы уақытта күштің барлығын бес реформаны іске асыруға жұмылдыру үшін парламент сайлауын мерзімінен ерте өткізу керек. Мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік өсімі, халықтың әл-ауқаты - барлығы бес реформаның ішінде қамтылған. Бұл біз үшін қазіргі жаһандық дағдарыстан шығудың төте жолы.

Ал бас қаржыгер мемлекеттің жыл сайын түрлі саяси науқандарға белгіленген көлемде қаржы қарастыратынын айтады. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Жыл сайын мұндай шараларға 4 миллиард теңге бөлінеді. Мейлі ол сенат, мәжіліс немесе мәслихат сайлауы болсын. 2016-ның бюджетінде де қарастырылған қаржы бар.

Шешуші сөзді, әлбетте, Мемлекет басшысы айтады. Конституцияға сәйкес, Елбасы Парламенттің қос палатасының спикерлерімен және Премьер-министрмен кеңес өткізеді. Осыдан кейін ғана нақты шешім белгілі болады. Егер кезектен тыс сайлау өтетін болса, бұл Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы 6-шы парламент сайлауы болмақ. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ