$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Павлодарда тұрғындар су айдайтын стансаның салынуына қарсы

AstanaTV
06.10.2014ж. 20:00
1765
Павлодарда тұрғындар су айдайтын стансаның салынуына қарсы

Павлодарда аулада басталған құрылыс жұмыстары дауға түрткі болды. Тұрғындар жергілікті биліктің ескерусіз әрекетіне қарсылық білдіруде. Айтуларынша, олар бір күнде тәп-тәуір тынығу алаңынан қағылған. Оның үстіне бұқараны жарты ғасырдай жүз отбасыға пана болған үйдің «уақытша соғылған баспанаға» айналғаны таң қалдырып отыр. Өз кезегінде әкімдік істе шикіліктің жоқтығын, ал бар шаруа шаһардың бас жоспарына сәйкес жасалып жатқанын алға тартты. Тақырыпты өңірдегі тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырсын.


Біраз уақыт бұрын бұл аула кәдімгі тынығуға ыңғайланған аумақ болатын. Қазірде бұл жерден жүріп өтудің өзі қиынға соғады. Әсіресе, балалар үшін. Бүгінде олар ойнайтын ойыншықтан да қағылған.

Сақыпжамал апай бұл үйге осыдан 15 жыл бұрын көшіп келген. Содан бері аумақта жаңа нысанның салынатыны жайлы бірде бір ақпарат болмағанын айтады. Жаз аяқтала, үй алдында құрылыс техникалары пайда болды дейді.  «Қысқа дайындықты бастаған шығар» деген ол, әуелде мән бермеген. Бірақ бір күнде ауладағы жайқалған желектерді құртқанда, іске амалсыз араласады. Тек жұмысшылар қарапайым қараның сөзін құлаққа ілмепті. 

Сақыпжамал Абдулова:

25 түп ағаш болған. Соның бәрін кесіп, алып кетті. Бізден, осы тұрған тұрғындардан, ештеңе де сұрамады. Не істейтінін, не құратынын. Бізге жақсы еді көк болып тұрғаны.

Внуки, племянники. Куда они пойдут? Сразу выйдут, и вот здесь будет промышленная организация!!!

Шынымен де, құрылыс Катаев көшесі 55-ші үйдің тура алдында басталмақ. Үйдің кіреберісінен 6 қадам қашықтықта бетон қабырға бой көтереді деген жоспар бар. Бұл - болашақта салынатын «су айдағыш стансаның» қоршауы болмақ.

Тамара Бурлакова:

Подъезден шыға салысымен, мына салынады деп белгіленіп қойған қоршауға тап боласың. Сонда қалай болғаны?! Бұрын бізде шағын алаң болатын. Тынығатын орындықтар, үлкендер шахмат ойнайтын. Футбол алаңы да бар еді. Енді қараңыз, ауланың быт-шыты шықты.

Құрылыс жұмыстары басталғалы, бұл аумақтан қоқыс контейнерлері де жоғалған. Амалы таусылған бұқара тұрмыстық қалдықтарды аулаға үйіп жатыр. Бұдан басқа тұрғындарды жылу магистралі алаңдатады. Жаңа нысан құбырлар тартылған жердің үстіне салынбақшы. «Апат орын алса, жағдайымыз не болмақ»,- дейді олар. Алайда, мәселеге қатысты жергілікті биліктің өз айтары бар. Павлодардың бас жоспарына сәйкес, мұнда су жаңа «Сарыарқа» мөлтек ауданы пайда болмақ. Жоба бойынша, ескі  баспаналар сүріліп,  көп қабатты 40 үй бой көтереді.

Сергей Звонковский, Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

Жаңа шағын аудан пайда болса, оның сұранысы да артады. Жаңа көп қабаттыларға жаңа инфрақұрылым қажет. Мұнда дүкендер, мектептер, бақшалар салынады. Ал осылардың бәрін сумен қамту қажет. Қазіргі қуат жеткіліксіз. Сондықтан станса құрылысы - уақыт талабы.

Құрылыс бөліміндегілердің сөзінше, су айдағыш стансасы келер жылдың шілдесінде пайдалануға беріледі. Бұл шаруаға бюджеттен 702 млн теңге бөлініпті. Әкімдіктің мәліметінше, Катаев 55 және 57-ші үйлер болашақта сүрілетін нысандар. Сөйтіп, жалпы саны 96 отбасы жаңа баспанаға көшірілуі тиіс. Бірақ мұның қашан жүзеге асырылатынын жергілікті билік өкілдері нақты айта алмады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ