Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шайбалы хоккейден Қарағандының «Сарыарқа» командасы Челябі қаласының «Челмет» клубын 7-3 есебімен жеңді

AstanaTV
08.10.2014ж. 20:00
1047
Шайбалы хоккейден Қарағандының «Сарыарқа» командасы Челябі қаласының «Челмет» клубын 7-3 есебімен жеңді

Шайбалы хоккейден Ресейдің жоғарғы лигасында сынға түсіп жатқан Қарағанды қаласының «Сарыарқа» командасы тағы да үздік шықты. Кезекті турда Челябі қаласының «Челмет» клубын қабылдаған Алексей Фетисовтың шәкірттері 7-3 есебімен жеңіске жетті. Бұл жетістігінен кейін қазақстандық ұжым турнир кестесінің 2-сатысына көтерілді. Өзге де спорт жаңалықтары келесі топтамада.



Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Сингапур мемлекетінде өтетін турнирге жолдама алды. Бұл жарысқа тек әлемдік деңгейде іріктеліп алынған төрт теннисші қатысады. Олар Зарина Дияс, Шелби Роджерс, Моника Пунг және Чжен Сай Сай. Биылғы маусымды сәтті бастап, әлем рейтингінде 37-ші сатыға көтерілген отандасымыз, сондай-ақ Қазақстанның бірінші ракеткасы атағын иеленді. Егер жыл соңына дейін Зарина Диас тағы бірнеше жарыста сәтті өнер көрсетсе, онда жерлесіміз алғашқы 30 мықтының қатарынан орын алады.



Енді екі күннен кейін футболдан Еуропа чемпионатына іріктеу жарыстары қайта жанданады. «А» тобында сынға түсіп жатқан еліміздің ұлттық құрамасы Голландия командасына қонаққа барады. Бұл ойынға жарақаттарына байланысты жартылай қорғаушы Генрих Шмитгаль мен қорғаушы Самат Смақов қатыспайды. Қалған футболшылар қатарда. Гус Хиддингтің шәкірттері алғашқы ойында Чехия құрамасына ұтылып, ұпайсыз қалды. Қазақстан құрамасы болса, Латвия командасымен тең ойнап, үлесінде 1 ұпай бар. Өз алаңындағы келесі кездесуін Юрий Красножанның шәкірттері 13 қазан күні азулы Чехия құрамасына қарсы өткізеді. Аталған жекпе-жек «Астана Арена» стадионында өтеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ