$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Сенат ЕАЭО туралы келісімді ратификациялады

AstanaTV
09.10.2014ж. 13:00
834
Сенат ЕАЭО туралы келісімді ратификациялады

Сенат «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы» Заңды қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері осы жылдың 29 мамырында Астанада қол қойған. Заң одаққа мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мен экономикасының тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталады.

Сонымен қатар, тауарлардың, қызметтер мен капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысына қатысты бірыңғай саясат жүргізу заң шеңберінде қамтамасыз етіледі. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев шарттың экономикалық ынтымақтастықты қамтитынын атап өтті. Егемендік, тең құқылық және мемлекеттің ұлттық мүдделері ескерілетінін айтты. Ал Сенат төрағасы заңды еуразиялық интеграцияны ілгерілету жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын іс жүзінде дәлелдеген тарихи құжат ретінде атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Еуразиялық экономикалық одақ - бұл терең экономикалық ынтымақтастықты көздейтін аса үлкен жоба. Одақ шеңберінде ортақ нарық құрылып, инвестициялар тартуда жаңа өндіріс орындарын ашуда, ең бастысы - халықтың әл-ауқатын арттыруда тың мүмкіндіктер туындайтынына сенім мол.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА