Қостанайда
есірткі саудалаушыларға «қалқан» болып келген тағы бір экс-полицей жазаға
кесілді. Облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес
басқармасының бұрынғы жедел уәкілі Мүслім Қожабаев 4 жылға бас бостандығынан
айрылды.
Еске салайық, 2014 жылы Қостанайда «Есірткі мафиясы» аталған қылмыстық іске қатысы бар 16 адам
сотталған. Ұйымдасқан топ жетекшілері 20 жылға бас бостандығынан айрылды.
Олармен сыбайласып, көлеңкелі бизнеске жол ашып берген ішкі істер
департаментінің 10 қызметкері де ұзақ мерзімге жазаға кесілді.
Екі жыл өткенде,
сот процесі тағы жалғасын тауып, криминалдық полиция жедел іздестіру бөлімінің
бұрынғы бастығы Бауыржан Сыздықов 5
жылға сотталып, «майор» шенінен қағылды. Тергеу барысында атышулы іске жедел уәкіл
Мүслім Қожабаевтың да қатысы болғандығы анықталған. Ол 2008-2012 жылдар аралығында қылмыстық топ
жетекшілеріне қолғабыс жасап, қызметі
үшін сыйақы алып отырған.
Ләззат
Байғожина, Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің өкілі:
ҚР
ҚК-нің 307 бабы 4 бөлігімен айыпты деп танылған Мүслім Қожабаев сот үкімімен
жалпы тәртіптегі колонияда 4 жыл бас бостандығынан айыру және жеке мүлкін
тәркілеп, 4 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан айыру туралы жазаға кесілді. ҚР ҚК-нің 49 бабы 1 бөлігі негізінде сотталушы полиция подполковнигі
арнайы шенінен айрылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Заңғар САНАЙ