$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Қазақстанда аптасына төрт күндік жұмыс тәртібін енгізуді алғашқы болып банктердің бірі қолдады

AstanaTV
09.10.2014ж. 20:00
1239
Қазақстанда аптасына төрт күндік жұмыс тәртібін енгізуді алғашқы болып банктердің бірі қолдады

Қазақстанда аптасына төрт күндік жұмыс тәртібін енгізуді алғашқы болып банктердің бірі қолдады. Қаржы ұйымдарының бірі бөлшек несие, кассалық қызмет көрсету және филиалдардың операциялық бөлімдерінің қызметкерлеріне аптаның бесінші күнін өз күтіміне арнауға рұқсат бермек. Банк қызметшілері қазірдің өзінде оның тиімділігін сезініп, жаңа бастаманы қолдай кетіпті. Ең бастысы - еңбек ету тәртібі өзгергенімен, жалақы қаз-қалпында қалмақ. Бірақ бұл жаңалыққа қарсы көзқарастағылардың да өз уәжі бар. Тараптарды тыңдаған алматылық тілшіміз Ришат Асқарбекұлы тарқатады.

Максим Юхименко банкте көптен бері жұмыс істейді. Тың бастамаға орай енді ол  аптасына тек 4 күндік еңбек кестесіне бағынады. Жағымды өзгеріске  ерекше қуанышты.

Максим Юхименко, операциялық басқарма менеджері:

Бейресми түрде  бұл күнді «шығармашылық күні» деп атаймыз. Мен енді  уақытымды  отбасыма, таным көкжиегімді кеңейтуге арнамақпын. Ұлыммен спорттық үйірмеге жазылуды, шет тілін меңгеруді, қызықты әдебиеттер оқуды да жоспарлап қойдым.

Қаржы ұйымының басшылығы жұмыс тәртібін оңтайландыру тұтынушымен тікелей байланысатын мамандарға тиімді деп есептейді. Қазір банкте 900 мыңнан астам қызметкер болса, соның 15 пайызы «төрт күндік» жұмыс кестесіне ауыстырылған. Ал жалақы сақталады.

Ринат Шаяхметов, басқарма төрағасының кеңесшісі:

Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, ұжымның ішінде жағымды көңіл-күй қалыптастыруға қаржы салу,  банктің жұмыс сапасын арттыру деген сөз. Біз осы 4 күндік жұмыс аптасы арқылы негізгі экономикалық фактор болып табылатын мамандар тұрақтылығын қамтамасыз етуді  көздейміз.

Халықаралық еңбек ұйымының бұл ұсынысын қазір Қазақстан қоғамы да талқылап жатыр. Сала министрі Тамара Дүйсенова  бастаманың бізге қолайсыз екенін айта келе, бұл еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етпейді деп мәлімдеген-ді. Өзге Үкімет мүшелері мен депутаттардың пікірі қандай?!

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылық министрі:

Қайдам? Біз өзіміз аптаның 7 күнінде де жұмыстамыз.

Серікбай Нұрғисаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазір 4 күнге қысқартсақ, инновациялық жобалар, табыстар күрт төмендейді. Сонда төрт күн деп, қалған үш күні аш жату керек пе.

Еңбек ұйымының ұсынысын қолдаушылар артық жұмыс істеу мен күш-жігерді сарқу ауру-сырқауға жол ашады дегенді айтады. Сарапшылар өз зерттеулерінің нәтижесінде әлемнің барлық елдерінен осы бастаманы қолдауды сұрап отыр.  Бұған дейін әлемдегі ең ауқатты магнаттар Ларри Пейдж бен  Карлос Слим де жұмыс аптасын қысқартуға байланысты ұсыныс айтқан-ды. Олар "егер төрт күндік жұмыс аптасын енгізетін болсақ, бір орынға екі жұмысшы алуға болады. Сол арқылы адам ресурсын үнемдер едік" деп түсіндірген.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ