Еуразиялық экономикалық одақ туралы
шартты Беларусь Республикасының ұлттық жиналыс кеңесі де бекітті. Депуттар бірауыздан
қолдаған құжат енді президент Александр Лукашенконың мақұлдауына жіберіледі.
Еуразиялық экономикалық одақ бойынша осы елдің өкілі Сергей Румас бұл
келісімнің бекітулі Ресей, Қазақстан және Беларусь мемлекеттерінің жаңа
деңгейге көтерілуіне ықпал ететінін атап өтті.
Еске саламыз, кеше Қазақстан сенатының депутаттары да
«Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімді» ратификациялады. Заң жобасын 43
сенатор жақтап дауыс берсе, біреуі қалыс қалды. Сөйтіп, Беларусь және Ресеймен
бірге экономикалық одақ құру туралы шартты бекітетін заң президенттің қол
қоюына жіберілді.
Айта өтейік, Ресей думасы келісім-шартты
26 қыркүйекте ратификациялаған. Владимир Путин де қол қойып, мақұлдаған. Үш
мемлекет арасында құрылған одақ 2015 жылдан бастап күшіне енбек. Мақсаты - тауар, қызмет көрсету, капитал және жұмыс күші айналымын
еркін жүргізу. Дегенмен, қазақстандық кейбір сенаторлар «үштік аясында
тепе-теңдік сақталмайтын сыңайлы» деген алаңдаушылығын
білдіріп үлгерді.
Светлана
Жалмағамбетова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Мені толғандыратын бірқатар сұрақтар бар. Бізде
импорт көлемі артып, экспорт қысқарып жатыр. Сондай-ақ, Ресей шартты
ратификациялағанына қарамастан, өз тауар өндірушілерін қолдау үшін Кедендік
одақ елдерінің тауарына тыйым салуда. Осы орайда үкіметтің позициясы қандай?
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика
министрі:
Осы орайда «Еуразиялық экономикалық одақ» барлық түсініспеушіліктердің
басын ашып, орын-орнына қоюы тиіс. Әр сұрақ бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
Илхам ИБРАГИМ