Ауыл шаруашылығына арналған
жерлер жеке қолға өтуі мүмкін. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сай
шаруашылықтарға жалға берілген 97,4 миллион гектар жер енді оларға сатылатын
болды. Мұнан бөлек мемлекет меншігіндегі жер қорының 85,3 гектары аукцион
арқылы саудаға қойылмақ. Бұл мәселеге Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлт
жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында тоқталған еді.
Аталған реформаны Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары қалай қабылдады? Абзал Құрманкин әңгімелейді.
Бала күнінен астықты өлкеде
өскен Иван Ковязин бидай өсіруді әкесінен үйренген. Бүгінде осы кәсіптен
несібесін теріп жеп жүр. Жыл сайын екі мың гектар жерге егін егеді. Оның
жартысын мемлекеттен жалға алып отыр. Жер өзіңдікі болмағасын, топырақты толық
өңдеу тиімсіз, - дейді кәсіпкер. Таяуда ел Президентінің «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын оқып жер кодексіне
енгізілген өзгерістерге қаныққан ол өзіне тың жаңалық ашқан.
Иван Ковязин, шаруа қожалығының иесі:
Жер сатылымға қойылса, оны ойланбастан аламыз. Егер құнын төлеу мерзімі он жылға бөлінсе, оны
өтеп отыру аса қиынға соқпайды. Жердің күтімі жақсарады. Тыңайтқыштарды да
аямай себеміз. Ертең құнарлы жер ұрпағыма қалады.
Солтүстік
Қазақстан облысы бойынша 7 миллион гектардан астам жер шаруаларға жалға
берілген. Мұнан бөлек, мемлекеттік жер қорында бес жүз мың гектарға жуық алқап
бар. Ол жерлер арнайы аукцион арқылы сатылмақ.
Жомарт Еркін, СҚО жер қатынастары
басқармасы басшысының орынбасары:
Диқандардың, жерді жалға алған уақыты біткенше, сатып алуға мүмкіндігі бар. Егер оған жағдайы
келмесе, онда алқаптар жер қорына өтіп, аукционға қойылады. Сауда-саттық
алдымен ағылшын тәсілімен өткізіледі. Яғни жер кадастрлық құнына сәйкес
сатылады. Егер белгілі бір жер телімі аукционда қатарынан екі рет сатылмаса,
онда келесі жолы құны 50 пайызға түседі.
Қызылжарлық шаруалар одағы басшысы Нияз Ыбыраевтың айтуынша, Ұлттық экономика
министрлігінің бастапқы талабына жергілікті диқандар келіспеген. Шаруалардың
жердің кадастрлық құнын толық өтеуіне қаражат қолбайлау, - дейді ол. Осыны
ескерген одақ, құзырлы органға өтініш жолдады. Нәтижесінде, аграрийлер жалға
алған алқаптың кадастрлық құнының тең жартысын он жылға бөліп төлейтін болды.
Мәселен,
Солтүстік Қазақстан облысында бір гектар жердің кадастрлық құны 55 600
теңге. Сәйкесінше, мың гектардың кадастрлық құны 55 млн 600 мың теңге
болады. Оның тең жартысы - 27 млн 800 мың теңге. Демек, кәсіпкер жыл сайын 2 млн
780 мыңнан төлеп отыруы тиіс. Шаруалар одағы өкілдерінің пікірінше, жаңа заң
екі жаққа да тиімді.
Нияз
Ыбыраев, «Қазақстан шаруалар одағы» республикалық қоғамдық ұйымы СҚОФ төрағасы:
Жердің
иесі болуы тиіс. Сонда кәсіпкер жеке мүлкі ретінде жердің құнарлығын арттыруға
тырысады. Қазір бізде нәрлендіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілмейді.
Сондықтан Жер кодексіндегі өзгерістер бұған оң әсер етеді деп ойлаймын.
Абзал
Құрманкин, тілші:
Жаңа
заң жергілікті диқандарға таңсық дүние болғаннан кейін, жуырда Шаруалар одағы
түсіндірме жұмыстарын қолға алған. Жер кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер
алдағы шілде айында күшіне енбек.
Абзал
ҚҰРМАНКИН