Қызылорда облысында шаруалар
мияны заңсыз жоюшыларға қарсы күресті бастады. Бір ғана Жаңақорған ауданында
жыл басынан бері шөпті заңсыз теріп, тасымалдаудың бес дерегі тіркелген. Өткен жексенбіде шаруа қожалықтары
қарақшылардың тағы бір бригадасын тұтқындап, ішкі істер бөліміне өз қолдарымен өткізді.
Енді олардың тиісті жазасын алғанын талап етіп отыр. Өкінішке орай, елімізде заңсыз
шөп жинаушыларға тосқауыл болатын заң жоқ екен.
Мияны тамырымен жұлып, тапсырыс
берушілерге өткізу - қомақты табыс көзіне айналған. Нарықта дәрілік шөптің
тоннасы 2-2,5 мың доллар. Жергілікті шаруалардың айтуынша, бұл жолы браконьерлер Жаңақорған
ауданы аумағында шамамен 5 мың тонна өнім жинап алған. Жергілікті халық бұл жыл
басынан бері қарақшылардың табиғатқа қарсы жасаған үшінші «шабуылы» деп отыр.
Олар жарты күн ішінде тракторларымен он гектар жерді тас талқан еткен.
Ғани Түрсекеев, Жаңақорған аудандық
ІІБ басшысы:
Оқиға орнынан екі ГАЗ-53 автокөлігі
салғышында дәрілік өсімдікке ұқсас тамырдың басылған екі автокөлікті және Т-150
маркалық үш дана тракторды анықтап, сол жерде ұстап, сол жердегі оншақты мия
тамырын теріп жүрген азаматтардың барлығын ұстап, түсініктерін алды. Бұл
азаматтардың барлығын, техника жүргізушілерді Оңтүстік Қазақстан Жетысай
ауданының бір азаматы жалдап келіп, осы мия тамырын тергізіп, күнделікті бұларға
ақша төлеп жатқанын айтты.
Шаруалар жайылымдық жерлерді үкіметтен
жалға алғандарын айтады. Сыбаға бағдарламасы негізінде асыл тұқымды мал алып, кәсіп
қылмақ болған. Айтуларынша, жайылымдағы аяусыз жыртылған жерлерді қайта қалыпқа
келтіру үшін 8 жыл кетеді. Ал мияны қарақшылар түбірімен жойып жатыр. Шөптің құнары
мен құны - тамырында.
Жүмакүл Әжімбекова, шаруа
қожалығының басшысы:
Біз «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс
істейміз. Президентіміз қолдау керек деді. Ал бізді кім қолдайды? Кім бізді қорғайды?
Күндіз мияны жоюшылармен арпалысамыз, түнде қасқырлардан қорғанамыз, тыным жоқ
бізге. Осылардың артында кім тұр? Соны білгіміз келеді. Осы қарақшылықтан қалай
қорғанамыз?
Қуанышбек Мейірбеков, фермер:
Жердің астындағы алтын болса, мұнау
болса - мемлекеттікі, ал жердің бетіндегі, мен алғаннан кейін 45 жылға арендаға, менің жерім ғой. Мен сол үшін салық төлеп отырмын, ақша төлеп отырмын. Енді
біреу жеріме келіп, басқыншылық білдіріп, миямды орып алып, ағашымды шауып алып
- ол не басқыншылық?
Ерлан Маханбетов, шаруа
қожалығының басшысы:
Осы жаралап кеткен жерлерге шөп
шықпағандықтан, келесі жылдары мал азығын дайындау бізге өте қиынға соғайын деп
тұр. Және бұл жерлерді бір метр тереңдікке жыртқан, оған мал тұяқтайды. Өткен
жылы осындай жерді жыртып, мия тамырын кәсіп етушілер кесірінен біз оншақты бас
мүйізді ірі қараның шығыны келді. Батпақтап мал өліп қалды.
Шаруалар: «Браконьерлердің
жолына Заң негізінде тосқауыл болу мүмкін емес», - дейді. Қылмыстық немесе Әкімшілік кодекстерде мұндай
бап жоқ. Мия болса, әзірше жойылып бара жатқан өсімдіктер қатарына
енгізілмеген. Сондықтан да жауапкершіліктің жоқтығынан, дала қарақшыларының
жолы болып тұр.
Ғани Түрсекеев, Жаңақорған
аудандық ІІБ басшысы:
Құжаттардың барлығы осы
сараптамалар дайын болғаннан кейін осы Қызылорда облыстық орман және балық
шаруашылық инспекциясына жолданады. Осы аталған мемлекеттік орган әрі қарай бұл
құжаттар бойынша шешім қабылдайды сот арқылы.
Енді қызылордалық фермерлер Үкіметке
мияны Қызыл кітапқа енгізу туралы ұсыныс жасамақ. Облыс басшылығы болса, мияны
экспорттауға мораторий жариялауды сұрап отыр. Оған қоса аймақта мияны өңдейтін
екі бірдей зауыт ашылмақ. Сол кезде мияны өсіріп, оны жинауды шаруа қожалықтары
өз қолдарына алар еді. Айта кетсек, көрші Өзбекстан, Ресей, Украина, Тәжікстан,
Түркменстан елдерінде мияны жинау жұмыстары
үкіметтің қадағалауымен жүргізіледі.
Шарипа САҚТАПОВА