Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Эбола вирусы транзиттік әуе қатынастары арқылы Қазақстанға да жетуі мүмкін

AstanaTV
15.10.2014ж. 13:00
1084
Эбола вирусы транзиттік әуе қатынастары арқылы Қазақстанға да жетуі мүмкін

Эбола вирусы транзиттік әуе қатынастары арқылы Қазақстанға да жетуі мүмкін. Африка елдерінен бастау алып, Еуропа мен Америкаға жайылған безгектің алдағы уақытта бізге де жету қаупі бар, дейді еліміздің тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің мамандары. Қазіргі таңда әлем бойынша аталмыш вирусты жұқтырудың 8 мыңнан астам фактісі тіркеліп, оның 4 мыңнан астамы қайғылы жағдаймен аяқталды.

Осыған орай еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің шешімімен тамыз айынан түрлі вирустарды Қазақстанға енгізбеу шаралары күшейтілді. Астана халықаралық әуежайында кеше халықаралық рейс жолаушалары арасынан Эбола вирусының белгілерін анықтау жөнінде санитарлық-карантиндік іс-қимыл шараларының оқу жаттығуы өтті.

Сценарий бойынша, Анталиядан келіп қонған ұшақ жолаушыларының арасында қауіпті вирусты жұқтырушылар болуы мүмкін. Бұндай жағдайда ең бірінші, еліміздің шекара қызметі азаматтардың құжаттары арқылы саяхат бағытын, оның вирус ошақтары табылған елдерде болған-болмағандығын тексереді. Сыртта 21 күннен астам уақыт болған азаматтар ерекше назарда. Себебі, Эбола белгілерінің байқалуына дәл осы мерзім қажет көрінеді.

Айжан Дүйсенғалиева, санитарлық-карантиндік қызмет маманы:

Мониторда температурасы көтерілген ауруды көрсететіндей басқа түске боялады және шкалада температурасын көрсетіп тұрады. Осы бойынша біз дене қызуы көтерілген ауруды оқшаулағышқа алып барып, оқшаулаймыз.

Бұл қондырғы азаматтардың дене қызуын жеке-жекелеп емес, қалың көпшіліктің арасынан-ақ 3 метр қашықтықтан анықтап беруге қауқарлы. Егер де жолаушының дене қызуы 37 градусты көрсетсе, ол адам бірден жоспарлы медициналық тексерістен өтеді.

Эпидемиологтардың айтуларынша, бұндай техника АҚШ-тың, Еуропаның бірқатар елдері мен Ресейдің халықаралық әуежайларында ғана бар көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан әлі емі табылмаған безгегті анықтап, алғашқы көмек көрсетуге тас түйін дайын, дейді құзырлы орган өкілдері.

Әлиасқар Мәтішев, ҚР ҰЭМ Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасы:

Біз бүгін өзіміздің лабораторияда диагностика бар, келіп жатқан халықаралық жолдардан келіп жатқан адамдарды біз өзіміз тепловизормен қарап тексеріп, келген пассажирлердің жағдайы шамалы ауру болып жатса, біз оларды ерекше алып тексеріп, қайдан келді, кіммен қатынасты, біз соны көріп, оның бәрін қарайтын жағдайымыз бар.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ