Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбе облысының архиві санды жүйеге көшті

AstanaTV
17.10.2014ж. 10:00
1807
Ақтөбе облысының архиві санды жүйеге көшті

Ақтөбе облысының тарихы туралы бар мағлұмат енді интернетте. Арнайы сайттан өңірдің өткен ғасырдағы бейнесін көріп, соғыс жылдарындағы газеттерді оқуға болады. Электронды архивке кез келген адам өзіне оңтайлы жерден кіре алады. Электронды тарих беттерін тілшіміз Мансұр Есқожин парақтап шықты.

Жүз жылдық тарихты өзінде сақтаған Ақтөбе облыстық мұрағатына келушілер аз. Мүлгіген тыныштықта тұрған құжаттарға қызығып, айына әрі кеткенде 20 азамат келетін көрінеді. Ал, ғаламтор бетінен орнын тапқанына 4 жыл болған Ақтөбе облысының тарихы парақшасына күніне шамамен 200-ге жуық пайдаланушы кіретін көрінеді. Әр секунд санаулы бүгінгі заманда мұрағаттың қол астында болғандығы көпшіліктің көңілінен шыққан сыңайлы.

Облыстық мұрағатта аттай 20 жыл еңбек ететін Светлана Книжник қажетті құжаттарды табуға кейде бірнеше сағат қажет, дейді. Бүгінгі күннің өзінде бұл жерде 650 мың бет қағаз сақталған. Суреттер мен өзге де мұрағаттың өзі бір төбе. Уақыт өте сарғайып, бедері кететін қағаздарды сақтау да оңай емес. Ғимарат ішінде біркелкі температура мен ылғалдылық болуы қажет. Бірегей суреттерді қайтадан қалыпқа келтіру оңайға тимейтінін айтады.

Светлана Книжник, Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкері:

Қалай сақтаса да, қағаз уақыт өте ескіреді. Бәлкім бұл құжаттарды енді 20-30 жыл сақтап алып қалармыз. Одан әрі, тіпті оқуға мүмкін болмай қалады. Мұрағат қызметкерлері арасында әріптердің сөнуі деген термин бар. Яғни, қағаз бетіндегі қаріптер көрінбей қалады. Сондай құжаттарды қайтадан қалыпқа келтіруге тырысамыз.

Мұрағаттың табалдырығын тоздырған Александр Гаврилов болса, облыстың іргетасы қаланған 1932  жылдан бастап деректер жинауды жанына серік еткен. Алғашында жеке-жеке тұлғаларға тоқталып, кейін түрлі мекемелер мен тарихи маңызды күндерді парақшасына енгізіп отырған. Бүгінгі күні аталмыш порталда 30 мыңға жуық құжат топтастырылыпты. 5 мыңға жуық сурет түрлі кезеңді бейнелейді.

Александр Гаврилов, жоба авторы:

Бұл жобадан ешқандай пайда таппаймын. О бастан-ақ әлеуметтік бастама ретінде қарадық. Алғашында тек қызығушылық болатын. Бүгінде - өмірімнің мәні, десем де болады. Бұл жерде құжаттар мен суреттердің құндылығына көңіл аудармаймыз. Бізге бастысы - олардың көп болуында.

Әлемді жаулаған әлеуметтік желілермен салыстырғанда, бұл сайтты пайдаланушылары әлдеқайда аз. Болашақта бәлкім көпшілік жаңа бастаманың тиісті бағасын бере жатар. Әзірше халық дәстүрлі мұрағатты ғаламтор толық алмастыра алмайды деген ойда.

Меруерт Сүлейменова, студент:

Сайт ыңғайлы. Сіз үйде отырып-ақ сканерленген документтерді компьютерден шығарып ала беруге болады. Уақытты, яғни жоғалтпай-ақ. Но мұрағат құжаттарын қолмен ұстап, көзбен көріп, жұмыс жасаған да ол өз жағынан бір тарихшыға ол, мне кажется, өте бір құнды әсер қалдырады.

Уақыт өте бұл көзқарас та өзгеретініне Александр Гаврилов сенімді. Жаңа технологиялардың сағат санап дамыған заманында ол күн де алыс емес. Сондықтан, атқарар жұмыс көп, дейді. Ал әзірше 20-шы ғасырдың құжаттарын тәмамдап, 21-ші ғасырға ат басуға бел буған. Оның өзіне кем дегенде 2-3 жыл уақыт қажет.

Мансұр ЕСҚОЖИН