$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қазақстан Президенті Италияның Милан қаласындағы «Азия-Еуропа» форумының 10-саммитінде сөз сөйледі

AstanaTV
17.10.2014ж. 20:00
1196
Қазақстан Президенті Италияның Милан қаласындағы «Азия-Еуропа» форумының 10-саммитінде сөз сөйледі

Бүгін Италияның Милан қаласында «Азия-Еуропа» форумының 10-саммиті өтті. Оның жұмысына  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Мемлекет басшысы «Қаржылық және экономикалық ынтымақтастықты Еуропа мен Азияның байланыстары арқылы дамыту» тақырыбындағы пленарлық сессияда сөз сөйледі. 

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысты еңсерудің  тиімді жолы ретінде Еуразия аймақтарының ықпалдастық әлеуетін пайдалану қажеттігін айтты. Өзара ынтымақтастықтың болашағына қатысты  көзқарастарын ортаға салды. Елбасы «Қазақстан ұсынған «G-GLOBAL» бастамасы экономика және қаржы саласындағы халықаралық әрекеттерді үйлестірудің платформасына айналуы мүмкін» екенін де жеткізді. Қазақстанның «Азия-Еуропа» форумының толыққанды мүшесі ретінде диалог пен ынтымақтастықты дамытуға жан-жақты көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.

Мұнан бөлек  Мемлекет басшысы  Милан саммиті аясында  Германияның Федералдық канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Тараптар сауда-экономика, инвестиция  салаларындағы  өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жайын талқылады.  Кездесуде сондай- ақ өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері сөз болды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд Корольдігінің премьер-министрі Марк Рюттемен де кездесті. Басқосуда инвестиция, энергетика, сауда-экономика салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Айта өтейік, 2014 жыл Қазақстан мен Нидерланд арасында маңызды келісімдер орнаған жыл болды. Наурыз айында Елбасы  Гаагаға жасаған сапарында саясат, экономика, технология мен ғарышты игеру, білім саласы бойынша маңызды құжаттарға қол қойылған.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА