$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың туғанына биыл 120 жыл

AstanaTV
17.10.2014ж. 20:00
3082
Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың туғанына биыл 120 жыл

Ұлт қайраткерлері  - Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың туғанына биыл 120 жыл. Ал олар негізін қалаған «Ақ жол», яғни қазіргі «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 90 жыл толып отыр. Шымкентте осы үш бірдей айтулы мерекеге орай «Ақ жол және Алаш ардақтылары» деген тақырыпта ғылыми-теориялық конференция өтті. Игі шараға жиылғандар қазақтың біртуар ұлдарының есімдерін тағы бір мәрте жаңғыртты.

Тоқсан жылдан бері халық пен билік арасында алтын көпір бола білген басылымды жарыққа шығарушы - публицист Сұлтанбек Қожанов. 1920 жылы Түркістан Орталық комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов «қазаққа газет керек» деп мәселе көтерген болатын. Кейін «Ақ жол» газетінің алғашқы саны жарық көрген.

Бақтияр Тайжан, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық  қоғамдық -саяси газетінің директор-бас редакторы:

Жалпы өте өткір газет болды. Сондықтан сол кездегі саясатқа тура келмеді. Мәселен, Сталиннің өзі тікелей Сұлтанбек Қожановқа соншалықты жауықты. Сол қызметінен кетірткен де сол кісіні. Әйтпесе Сұлтанбек Қожанов деген осы қазақты бір кісідей сүйген, жалпы өте жалынды азамат.

Сол басылым бүгінде «Оңтүстік Қазақстан» аталады. Аймақтағы тартысты бәсекеге қарамастан, таралым көлемі 38 мыңнан асып  жығылады. Тоқсан тараулы тарихы бар төл басылымда әр жылдары беделді адамдар қызмет еткен. Бейсенбай Кенжебаев, Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков, Мұхтар Шаханов, Мархабат Байғұт газеттің беделін асқақтатты. 

Мұхтар Шаханов, ақын:

Жалпы «Оңтүстік Қазақстан» - биліктің газеті. Бірақ аратұра елдік, ұлттық мүдделерді көтеріп тұрады. Сол үшін жалпы кейбір газеттерге басқаша көзбен  қараймын. Мысалы, қазіргі кезеңде адамдардың үлкен бөлігі шындығын жоғалтып алды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ