Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қарағандыда 600-дей тұрғын ауыз суға жарымай отыр

AstanaTV
20.10.2014ж. 20:00
1283
Қарағандыда 600-дей тұрғын ауыз суға жарымай отыр

Қарағандыда шенеуніктердің есте сақтау қабілетінің нашарлығынан 600-дей тұрғын ауыз суға жарымай отыр. Жергілікті басшылар Сортировка жеке секторындағы 4 көшені орталық су құбырына қосуды ұмытып кеткен-мыс. Жазда аудандағы барлық ауылға су құбыры жүргізілген. Тұрғындарға қаланың бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов та кезінде «су болады» деп уәде берген еді. Алайда экс-әкімнің қамауға алынуына байланысты бұл мәселенің шешімі кейінге қалдырылды. 


4 көшенің тұрғындары әділдік іздеп шықты. Қарағандыдағы Рабочий елді мекенінде бірнеше жылдан бері ауыз су жоқ. Азды-кем суды әупіріммен беретін қолдан жасалған құдықтың да пайдасы шамалы. Көпбалалы ана Айгүл Байсалова киім-кешекті айына бір рет қана жуамын дейді. Ал күнделікті тамақ пісіретін суды көрінген жерден алады.

Аманжан Түсіпбаева, Лермонтов көшесінің тұрғыны:

Айналдыра бір 50-60 үй қалып қойыпты ортасында. Қалғанының бәрін тартыпты. Білмеймін мен, қай жақта жүріп, қай жақта өмір сүріп жатқанымды. Мына су таза емес. Сүзіп, қайнатып барып ішеміз.

Айгүл Байсалова, Пионерская  көшесінің тұрғыны:

Жоғарыдағы адамдар бір әрекет жасауы керек қой. Президентіміз бөлген. Бағдарламасы – «Ақбұлақ». Қыстан қалай шығатынымызды. Қотыр...карантин. Ана барып тексеруге болады.

Заманауи магистральды су жүйесін Көкпектідегі дамба жарылған соң, су басып қалған көшелерге жүргізген. Ал апаттан аман қалған үйлер әлі сусыз отыр. Былтырғы қыста қашықтағы құдыққа барамыз деп, бірнеше адам қолын үсітіп алған.

Айгүл Байсалова, Пионерская  көшесінің тұрғыны:

Жолдастарымыз таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Колонка деген 2 шақырым жерде. Көктемде су көтеріледі. Ана құдықтан ішу... мал ішпейді адам түгілі. Білмеймін мен не істейтінімізді. Бармаған жеріміз жоқ. Ашапаған есігіміз жоқ.

Жақсылық Шалабеков, Қарағанды қалалық құрылыс басқармасының бөлім жетекшісі:

Әрқашан жақсы нәрседен үміттену керек. Жақсы жаңалық еститін күн де алыс емес. Біз осы жылдың соғына дейін осы көшелерде су құбыры жүйлерін жасау жұмыстарын істеп,  Сортировка тұрғындарын сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

Тұрғындар шенеуніктерден сол бақытты күн туғанша, тым болмаса  таза су тасып берсе деп, өтініп отыр. Әйтпесе мына судан індет тарап, уланып қаламыз ба деп қауіптенеді.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ