Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Атырау көшелері арқылы орасан алып жүк көлігі өтті

AstanaTV
20.10.2014ж. 20:00
1367
Атырау көшелері арқылы орасан алып жүк көлігі өтті

Атырау көшелері арқылы орасан алып жүк көлігі өтті. Теңіз кенішіндегі мұнайды жылытуға арналған құрылғының биіктігі 4 қабатты үймен теңеседі. Салмағы 340 тонна тартатын ірі көлемдегі жүк Атырауға Еуропадан теңіз арқылы жеткізілді.

«Мұндай ірі жүкті қала ішімен тасымалдау Қазақстанда  алғаш рет жүргізіліп отыр»,- дейді көлік  компаниясының өкілдері. Биіктігі мен ені 11 метр болатын жүкті шаһардың орталық көшелерімен алып өтуге тура келді. Өйткені қала сыртындағы жолдар бұл құрылғы үшін тарлық етті. Ал кейбір көшелерде бағдаршамдар мен жылыту құбырлары уақытша алынып тасталды. Енді бір аумақтарда арнайы мамандар электр желілерін көтеріп, көліктің өтуіне жағдай туғызды. Жолдар жабылып, жол-патрульдік қызмет ере жүрді. Мұндай алып жүкті көрген тұрғындар тоқтай қалып, тамашалап жатты. Таңғы сағат жеті жарым шамасында теңіз портынан қозғалған жүк қаладан кешке қарай шығып үлгерді. Сағатына 15-20 шақырым жылдамдықпен қозғалатын алып жүк көлігі Атыраудан 300 шақырым қашықтықта орналасқан теңіз кенішіне 1 аптадан соң жетпек.

Азамат Ізтелеуов, көлік компаниясының менеджері:

Қаланың сыртында АНПЗ жақтағы жолда жол жіңішке болып кетеді де, ол жаққа жүк симайды.  Онда өте көп инженерлік өзгерістер керек болды. Сол үшін біз қаланың ішімен өткіздік. Жолға әсер етпейді, себебі 160 дөңгелегі бар. Әр дөңгелекке 2 тоннадан артық түспейді. Ол жүк машинамен салыстырғанда, асфальтқа күш түспейді. Біз бұл жұмысқа 6-8 ай дайындалдық. Өте қиын жұмыс болды.

Базаркүл ІЗІМОВА