Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Тоталь» мұнай компаниясының президенті Кристоф де Маржеридің өліміне қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда

AstanaTV
21.10.2014ж. 20:00
751
«Тоталь» мұнай компаниясының президенті Кристоф де Маржеридің өліміне қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда

Әйгілі «Тоталь» мұнай компаниясының президенті Кристоф де Маржеридің өліміне қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Ресейдің Тергеу комитеті апат ұшқыштардың салғырттығынан, немесе диспетчердің қателігінен орын алуы мүмкін деген болжам келтірді. Оқыс оқиға ауа райының қолайсыздығымен байланысты болуы ықтимал деген жорамал да бар. Апат болған уақытта Мәскеу облысының бірқатар аумағын тұман басқан. Ал басты болжам ретінде «Falcon-300» ұшағымен ұшу жолында қақтығысқан қар жинағыш машинаның жүргізушісі мас болған» деген дерек айтылуда.

Татьяна Морозова, РФ көліктегі тергеу комитеті басқармасының өкілі:

Қар жинайтын көліктің жүргізушісі мас болған деген ақпарат анықталды. Тергеу  жүргізілуде. Кейбір лауазымды адамдар тергеу барысында қызметтерінен уақытша шеттетіледі. 

Ал қар жинағыш көлік жүргізушісінің авдокаты Александр Карабанов өз клиентінің спирттік ішімдік тұтынбайтынын алға тартты. Айтуынша, жүргізуші созылмалы жүрек ауруына шалдыққан. Ал Ресей ақпарат құралдары, концерн президентінің қаза болуына байланысты «Euronext» биржасында компанияның акциялары 6,8 пайызға төмендегенін хабарлауда. Францияның экономика министрі «Тотальдың» болашағына алаңдауға еш себеп жоқ деп сендіреді.

Эмманюэль Макрон, Францияның экономика министрі:

Кристоф де Маржери өте талантты менеджер болатын. Ол компанияның жұмысын өзінің қатысуынсыз-ақ жалғастыра беруге болатындай етіп қалыптастырған. Оның қайтыс болуына байланысты жағдай тұрақсызданады деп айтуға болмайды. Тек траур бар. Ұлы адамды жоғалттық.

Кристоф де Маржеридің қаза болуына байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда марқұмның Мәскеудегі «Внуково» әуежайындағы ұшақ апатынан қаза тапқаны туралы хабарды Нұрсұлтан Назарбаевтың күйзеле қабылдағаны айтылған.

«Кристоф де Маржери кәсіпқой маман және беделді басшы болатын. Қазақстан мен Францияның достық қарым-қатынастарын нығайтуға және еліміздегі энергетика секторын дамытуға зор үлес қосқан ірі тұлға еді. Қазақстан халқының атынан және жеке өз атымнан марқұмның отбасы мен жақындарына шын ниетпен көңіл айтамын».

Еске салайық, «Внуково» әуежайында орын алған апат сейсенбіге қараған түні болды.  Мәскеу-Париж бағытында ұшуға бет алған төрт орындық «Falcon-300» ұшағы арнайы техника көлігін қағып кетіп, салдарынан өрт шықты. Апат салдарынан француздық «Toталь» мұнай  компаниясының президенті Кристоф де Маржери мен экипаждың үш мүшесі қаза тапты.

Жұрағат БАМАН 


Алдыңғы жаңалық