$444.76 €495.37 ₽5.37

Елде дәрі-дәрмек саудасына қойылатын талаптар күшейтілмек

AstanaTV
12.11.2026ж. 19:00
Елде дәрі-дәрмек саудасына қойылатын талаптар күшейтілмек

Елде дәрі-дәрмек саудасына қойылатын талаптар күшейтілмек. 2027 жылдан бастап лицензиясыз сауда жасап, сапасыз немесе тіркелмеген препараттарды сатқандарға қатаң шара қолданылады. Әлеуметтік желілер мен маркетплейстердегі заңсыз сауда да бақылауға алынбақ. Жаңа талаптар дәріханалардың жұмысына қалай әсер етеді? Толығырақ Аяулым Изатқызының сюжетінде. 

Астана тұрғыны Бақыт Дәулетбекова он бес жылдан бері дәрі-дәрмек қабылдап келеді. Осы уақыт ішінде түрлі препаратты қолданып көрген. Алайда дәрінің түрі көп болғанымен, сапалысын таңдау оңай емес дейді. Себебі бірнеше рет жалған дәріге алданып қалған. Бағасы бірдей болса да, кей препараттардың емдік әсері мүлде байқалмағанын айтады.

БАҚЫТ ДӘУЛЕТБЕКОВА, ТҰРҒЫН:

Мен үлкен операция жасатқанмын. Содан бері мен өте қатты ауырғаннан бері көп дәрі ішемін. Ақырғы жылдары дәрілер онша көмектеспей жүр, сапалары дұрыс болмай жатады. 

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Елде дәрі-дәрмектің 7 мыңнан астам түрі бар. Алайда оның бәрі бірдей қауіпсіз емес. Бірі тиісті лицензиясыз сатылса, енді бірінің құрамында есірткі болуы мүмкін. Сапасы күмән тудырып, заңсыз сатылған препараттардан қалай арыламыз?

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек саудасына қойылатын талаптарды күшейтуді көздеп отыр. Енді дәрілік препараттарды әлеуметтік желілер мен маркетплейстер арқылы, сондай-ақ арнайы рұқсаты жоқ орындарда сатуға тыйым салынбақ. Ал тиісті тіркеусіз жұмыс істеп, сапасыз препараттарды сатып, есірткі заттары бар дәрілерді рецептсіз босатқан дәріханалар жабылады. Талапқа сай келмейтін дәрілер саудадан алынады.

БАУЫРЖАН ЖҮСІПОВ, ҚР ДСМ ФАРМАЦЕВТИКА КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кез клеген дәрі-дәрмек өзі тіркеу процесінен өтетін кезде оның арнайы экспертизасы жүргізіледі. Ішінде, құрпамында қандай заттар бар екенін бәрін көрсетеді. Сол заттар бойынша біз арнайы лабораториялық тексерулер жүргіземіз. Және де адам денсаулығына зиян аттар болған кезде ол дәрілерді тіркемейміз. 

 Жаңа талаптар 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесі де тұтынушыға препарат туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді. Арнайы код арқылы азаматтар дәрінің шыққан елі, құрамы мен сапасына қатысты ақпаратты тексере алады.