Оралда су флоты шаруашылығы
тығырыққа тірелді. Кезінде дәуірлеген «Флот» серіктестігі қазір ауыр жағдайды
бастан өткеруде. 90 жылдық тарихы бар мекеменің
күллі техникасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі мүмкін. Оған
қордаланған қарыз себеп. Жұмысшыларға айлық төлемеген, оған қоса үкіметке салық
та төленбеген. Оған соңғы кезде жиі басшылықтың ауысуы да себеп болса керек.
Қиын жағдайдағы кәсіпорынға қол ұшын созуға жергілікті билік те асығар емес.
Кеме штурвалына отырғанына қырық
жылдан асқан Анатолий Брыкин, Жайық өзенінде ескерту белгілерінсіз жүзу, мүмкін
емес дейді. Өйткені кей жердегі тереңдік жарты метрге де жетпейді. Сондықтан
кеме түгілі қайық та қайырлап қалуы мүмкін.
Анатолий Брыкин, «Ангара» теплоходының
капитаны:
Қазір өзен тартылып кетті,
сондықтан кеменің қайраңдап қалу қаупі мол. Арнайы белгілерді пайдаланбасақ,
орта жолда қалып қоюымыз да мүмкін.
Қарт капитан «бұрындары мұндай
жағдайда өзеннің түбін тереңдете қазу жұмыстары жүргізілетін» дейді. Бірақ
қазір оған қаржы қолбайлау болып отырған сыңайлы.
Марат Мұқанов, «Орал су жолдары
кәсіпорны» РМҚК директоры:
Кеңес үкіметі кезінде 9-10
арнайы жерсорғыш құрылғы жұмыс жасады. Қазір қолда бары - тек екі техника ғана.
Сондықтан мүмкіндігіміз шектеулі. Өзен бойындағы 126 қауіпті жердің тек 10-ын
ғана тереңдете аламыз.
Бұл осыдан үш жыл бұрынғы
көрініс. Су түбінен қиыршық құм өндіріп құрылыс компаниясына саудаланған. Қазір
мұның бірі де жоқ. Өйткені жұмысқа жарамды кемелердің барлығы қарызды өтеу үшін
өз құнынан бірнеше есе арзан бағаға сатылып кеткен.
Еркін Карин, тілші:
Қарыздың күле кіріп, күңірене
шығатынын флоттағылар жақсы біледі қазір. Борышы он миллионнан асқасын сот
орындаушылары мұндағы 5 теплоход пен 3 кранды күштеп тартып алып, басқа
кәсіпорындарға сатып жіберген. Бірақ олар да кранды кәдеге асыра алмады. Қазір
барлығы да қаңырап бос тұр.
Әлібек Жанғазиев, «Флот» ЖШС директоры:
Жеке кәсіпкерлер сатып алды
өздеріне, олардың лицензиясы жоқ ешқандай, карьерлері жоқ. Сондықтан олар қаза
алмайды, босқа тұр тек крандар. Сатып алған ғой кезінде, арзан болғасын.
Өкінішке орай, елімізде кеме
шаруашылығын қайта жаңғыртуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жоқтың қасы.
Қорғаныс саласындағы кеме жасаушы зауыттар мемлекеттік тапсырыс арқылы жан
бақса, жүк және жолаушы тасымалына бейімделген шаруашылықтар өз күнін өздері
көруге мәжбүр. Олар әлі де үкіметтен үмітін үзбей отыр.
Еркін КАРИН