$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Ақтауда сәбиді бесікте күн астында қалдырған ананы жарты жыл ана құқынан айырды

AstanaTV
22.10.2014ж. 10:00
1286
Ақтауда сәбиді бесікте күн астында қалдырған ананы жарты жыл ана құқынан айырды

Бесікке таңылып, денсаулығы әбден әлсіреген маңғыстаулық сәби Бекнұрдың анасы ата-ана құқығынан уақытша шектелді. Мұндай шешімді Маңғыстау облыстық кәмілеттік жасқа толмағандар бойынша мамандандырылған ауданаралық соты шығарды.

Еске салайық, тамыздағы аптап ыстықта жергілікті фельдшер есік алдында бесікке таңылып жатқан баланы байқап қалған. Әбден әлсіреген сәби ауруханаға жеткізіледі. Ал ақпарат құралдары, «анасы Шымкентке кеткенде, туған әкесі мен әжесі баланы осындай халге жеткізді» деп шулады. Сәбидің анасы «басқа қалаға көшуіме енеммен арамыздағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы себеп», дейді. Бірінші күйеуімнен туған ұлыма күн көрсетпегендіктен, үлкен баламды алып кетіп қалдым, деп ақталды. Полицейлердің араласуымен баланың анасы Ақтауға қайтарылды.

Мұнайлы аудандық білім басқармасы тарапынан арызданушы ретінде шыққан азамат соттан баланың анасын ата-ана құқығынан айыру керек, деп талап еткен. Алайда, кейіннен «Жадыра Мырзаева кетпей тұрып, балаға жақсы қараған. Бекнұрды медициналық тексерістен өткізіп, екпе жасатқан» деп жақтап шықты.

Жадыра Мырзаева тек ата-ана құқығынан айырылып қана қоймады. Бекнұрды балалар үйінде бағып-қағу үшін, барлық табысының төрттен бір бөлігін алимент ретінде төлеп отырады. Жазаға тартылған ана, жарты жыл бойы Ақтауда қалып, баланы қамқорлығына алатын мекемелерге өзінің «жақсы ана» екенін дәлелдеуі тиіс.

Жадыра Мырзаева, Бекнұр Мырзаның анасы:

Біздің үйімізде үнемі ұрыс-керіс болатын. Сол күні төзімім таусылды. Менің бірінші күйеуімнен туған үлкен ұлыма күн көрсетпейтін. Сондықтан, Бекнұрды енеммен қалдырып, кетіп қалдым. Ал, күйеуіммен қарым-қатынасымыз жақсы болатын.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ