Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Швейцарияның Базель қаласында теннистен халықаралық турнир басталды

AstanaTV
22.10.2014ж. 20:00
844
Швейцарияның Базель қаласында теннистен халықаралық турнир басталды

Швейцарияның Базель қаласында теннистен халықаралық турнир басталды. Қазақстанның намысын Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев қорғайды. Алғашқы ойында Кукушкин швейцариялық Стэн Вавринканың алдын орап кетсе, Голубев Ресей теннисшісімен өзара мықтыны анықтайды.

Жуырда Ресейде аяқталған Кремль кубыгында сәтті өнер көрсеткен қазақстандық Михаил Кукушкин тағы да үздік шықты. Швейцарияның Базель қаласында басталған халықаралық жарыстың алғашқы кезеңінде еліміздің бірінші ракеткасы алаң иесі Стэн Вавринкамен ракетка түйістірді. Кездесуді сәтті бастаған отандасымыз бірінші сетте 6-4 есебімен жеңіске жетті. Үзілістен кейін тез жиналған Швейцария спортшысы таразы басын теңестіріп кетті. Дегенмен, шешуші сетте табандылығымен танылған жерлесіміз ұпай санын түгендеді. Өз кезегінде жиі қателескен Вавринка жанкүйерлер сенімін ақтай алмай, жарыстан шығып қалды.

Михаил Кукушкин,  Қазақстан теннисшісі:

Кездесу тартысты өтті. Вавринка тісқаққан тәжірбиелі спортшы. Сондықтан біраз тер төгуге тура келді. Әсіресе үшінші сет мен үшін ауыр болды. Дегенмен, керек кезде қателікке бой алдырмай, қарсыласымның алдын орап кеттім.

Екінші кезеңде Михаил Кукушкин Германия спортшысы Бенджамин Беккермен келесі айналым жолдамасын сарапқа салады.

«Барыс» командасы сырт алаңда ұпай жоғалтты. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Санкт-Петербор қаласының «СКА» клубына қонаққа барған Андрей Назаровтың шәкірттері 5-3 есебімен ұтылып қалды. Ойындағы алғашқы шайбаны Қазақстан ұжымы соқты. Голдың авторы Роман Савченко. Бірақ қуаныш көпке созылмады. Қарымта шабуылға шыққан айдын иелері қатарынан төрт шайбамен жауап берді. Алдымен Антон Белов пен Джимми Эриксон мергендігімен танылса, артынан Патрик Торесен мен Александр Барабанов жанкүйерлер қошеметіне бөленді.

Дегенмен, жасымаған «Барыс» командасы небәрі бес минуттың ішінде есепті бір шайбаға дейін қысқартты. Бұл сәттерде Михаил Рахманов пен Роман Старченко командаластарының қуанышына бөленді.

Қалған уақытты Андрей Назаровтың шәкірттеріне есепті теңестіретін бірнеше мүмкіндік болды. Бірақ қорғанысы сыр бермеген «СКА» командасы «Барыс» шабуылшыларының ойлағанын іске асырмады. Ал бұл ойындағы соңғы нүктені айдын иелері сапында Илья Ковальчук қойды. Қортынды есеп 5-3 «СКА» клубының пайдасына. 

Самат ҚАНАҒАТОВ