«Куәліктегі
белорус деген жазу болмаса, жүрегім
қазақ деп соғып тұрады». Бұл - Астана
қаласының тұрғыны, беларусь ұлтының
өкілі Халил Масловтың айтқаны. Осы елде туып-өскен ол Қазақстанның өркендеуі
жолында еңбек етуді армандайды. Тек қазақ тілінде ғана сөйлейтін азаматпен
тілшіміз Тоғжан Жалғасбекқызы әңгіме дүкен құрған еді.
Халилдің
шашы сары, көзі көк болмаса да, ол - беларусь. Тау халықтарына ұқсайтын себебі - анасы
әзірбайжанның қызы. Менің отбасым - кішігірім
ассамблея деп қалжыңдап қояды. Өзі - Атырау облысы
Махамбет ауданының тумасы. Қазір ЕҰУ-дегі Қазақстан халқы Ассамблеясы
кафедрасының доценті.
Халил
Маслов:
Қазіргі уақытта атқарып жатқан
істеріміз осы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан игі істерін жастар
арасында насихаттау болып табылады. Және студенттер арасында толеранттылық
жайлы, ұлтаралық қатынастар жайлы дәрістер оқу.
Бір қызығы, Халил туған тілі -
беларусь тілінде бір де бір сөз білмейді. Орысшаға да шорқақ. Себебі туып өскен
үйінде ата-анасымен тек қазақша сөйлесіп, қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын.
Халилдың қазір айрандай ұйып отырған отбасы бар. Әмина, Зарина есімді екі қыз
тәрбиелеуде. Қалыңдыққа да қазақ қызын таңдапты. Енді отбасымыз «үлкен
ассамблея»
болды дейді.
Халил
Маслов:
Әрине,
жүрекке әмір жүрмейді дейді. Мен қазақтың ортасында туып-өскеннен кейін,
барлығы да - жаным
да,
тәнім де қазақ деп соғып тұрғаннан кейін, қазақтың
қыздарынан басқа қыздарды байқамадым. Куәліктегі Беларусь деген жазу болмаса,
жүрегім де тілі де қазақ деп соғып тұрады әрдайым.
Халил енді: «Балаларым да осы
елдің бір кірпіші болып қаланса», - деп тілейді. Бұл отбасына қарап, ұлттар
арасындағы түсіністік пен татулық - дамудың бастауы екеніне тағы бір мәрте
көзіміз жетті. 2015 жыл елімізде
Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Мұның өзі
отанымыздың негізгі ұстанымы саналатын ұлттар арасындағы ынтымақты нығайтудың
тағы бір көрінісі іспетті.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ