Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Павлодарда елді мекендердің 19%-ы ғана ауыз сумен қамтылған

AstanaTV
23.10.2014ж. 20:00
1107
Павлодарда елді мекендердің 19%-ы ғана ауыз сумен қамтылған

Павлодарда елді мекендердің 19%-ы ғана ауыз сумен қамтылған. 400-ден астам ауылдың 328-і тіршілік нәріне жарымай отыр. Бірер жыл бұрын «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында су тазартуға арналған кешендік блоктар орнатылған болатын. Алайда, уақыт өте келе, көбісі істен шықты. Мәселен, шаһарға қарасты Ленин кентінде осындай бес нысанның біреуі бұзылып тұр. Салдарынан үш мыңға жуық тұрғын таза судан қағылған. Тіршілік нәрінен тарыққан бұқараның мұң-мұқтажын өңірдегі тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы тыңдап қайтты.  

Вот это все в желудке, вот такая вода. Осыдан алып, осыдан ішіп жатыр7

Жұманазаровтар әулеті лай суды пайдалануға мәжбүр. Ауылдың екінші шетінде орналасқан су тазартқыш кешеннен тіршілік нәрін тасып алуға отбасының  жағдайы жоқ. «Жазда балалар ыдыспен әкелетін. Күн суыта қиындап кетті», - дейді отанасы.

Сәуле Жұманазарова, Ленин кентінің тұрғыны:

Су алғанда, бір күн тұнып тұрады. Сосын біз оны ішеміз. Ал шикі су ішсек, қайнатпасақ, тұз... Іші ауырады балалардың.

15 мың тұрғыны бар Ленин кентінде «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 5 КБМ орнатылған. Шамамен бір су тазартқыш нысанынан 300-500 отбасы ауыз су ішіп отыр. Алайда, соңғы екі айдың ішінде оның біреуі істен шыққан. Осы аумақтағы тұрғындар әзірге амалсыз аулаларынан қазып алған құдықтағы арам суды ішуге мәжбүр.

Кешенді блок істен шыққалы мұндағы қауымнан маза кеткен. Ертелі-кеш бұқара 4 шақырым жердегі құдыққа ағылады. Кейде  ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүрміз дейді. Себебі, су тазартқыш нысанға жергілікті тұрғындармен қатар, жақын маңдағы ауылдардан да келушілер көп. Мұны кешендегі оператор қыз да мойындап отыр. Айтуынша, күніне 5-6 текше метр су еркін саудаланады екен.

Тіпті қаладан да келетін. Су жақсы, таза, сапалы болған соң шығар. Келушілердің қарасы қалың, кейде кезек те болатын.

Тұрғындардың ахуалын әкімдіктегілер жақсы біледі. Алайда жұмыс қаржының жоқтығынан тоқтап тұр. Істен шыққан кешенді жөндеуге қосымша 3 млн теңге қажет.

Гүлнәр Пішенбаева, Ленин кентінің тұрғыны:

1989 жылы біз түгел Ленин кентінің суын экспертизаға тапсырып, сонда бізге қорытынды берген еді: су ішуге жарамсыз, техникалық деп. Біз таза су ішкіміз келеді, жаман су ішкіміз келмейді.

Жалпы ауыз су мәселесі Павлодар облысында өткір күйінде қалып отыр. Елді мекендердің тек 19 пайызы ғана орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Шенеуніктер бұл түйткілді 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында реттейміз деп сендірді.

Әлібек Несіпбеков, Павлодар облыстық жер қойнауы, қоршаған орта және су ресурстарын пайдалану басқармасының басшысы: 

Бағдарлама аясында 2020 жылға дейін аймақтың 230 елді мекені ауыз сумен қамтылады. Ол үшін жылына 40 жобадан іске қосу керек. Бұған дейін белгісіз себептермен жылына тек 2 жаңа нысан пайдалануға беріліп отырған.

Әкімдіктің болжамына сүйенсек, 2017 жылға дейін өңірдің сумен қамту көрсеткіші 39 пайызға, ал 2020 жылы 76 пайызға жеткізіледі. Ал ауылдықтардың оған дейін лас су ішіп отырудан өзге шарасы жоқ. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ