Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Петропавлда «Косогор» шағын аудан тұрғындары жолдың жоқтығына налиды

AstanaTV
24.10.2014ж. 10:00
1292
Петропавлда «Косогор» шағын аудан тұрғындары жолдың жоқтығына налиды

Қызылжарда бүтін бір шағын аудан тұрғындары жолдың жоқтығына налиды. «Косогор» ауданында тұратындардың айтуынша, жаңбыр жауса болды, көше ми батпаққа айналады. Салдарынан жаяу жүргіншілер лайға батып, көлік қатынасы қиындай түседі. Базыналы бұқараның жан айқайын Абзал Құрманкин тыңдап қайтты.

Сексенге таяған Мария Пашкова, «мені тағдыр бір айналдырмай, шыр айналдырды» деп қынжылады. Денсаулығы онсыз да оңып тұрмаған кейуана жақын арада бел омыртқасын жаралап алған. Мұны өзі жолдың нашарлығынан көреді.

Мария Пашкова, зейнеткер:

Құдыққа жету мүмкін емес, көше батпақ. Менің бір аяғым қысқа. Ақсандап бара жатқан кезде, тайып құладым. Бұл үйде тұрғаныма 40 жылдан асты. Бұрындары асфальт болмаса да, жол қатты еді. Соңғы кезде батпақтан көз ашпаймыз.

Аталған аудандағы тұрғындардың айтуынша, көшенің нашарлап кеткенін 6 жылдай болған. Олар гәптің бір ұшы сумен қамту кәсіпорнына тіреледі деп отыр. Себебі, аталған кәсіпорын мамандары құбырларды жөндеген соң жол өзгеріп сала берген.

Дулат Дәкенов:

Өзің жүре алмай жүргендігің мына сазда балабақшаға баратын баланы көтересің. Қолымда шешем бар, кәрі, пенсияда, ол кісі үйден шықпайды. Көлік жүрмейді мына сазда. Шыққан көлік өздеріңіз көріп тұрсыздар, жолда батады.

Клара Қарсенбаева:

Жедел жәрдем шақырсақ, келмейді, жарты сағаттан кейін зорғада келеді. Менің қызым бәлең жыл больницада учетта тұр. Біздің жаққа ешкім келмейді. Біздің прямо назардан тыс алып тастаған.

Шенеуніктер биыл көшені жөндеуге уәде берген. Алайда, уәде тек сөз жүзінде ғана қалды деп ашынады тұрғындар. Ал атқамінерлер мұны мердігерлердің тапшылығымен түсіндірді.

Жаңабек Тұрсынов, Петропавл қаласы ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Жолды жөндеуге 3 рет байқау өткіздік. Алғашқы байқау көктемде жарияланды. Оны Сәрсенбаев жеке кәсіпкерлігі жеңіп, артынша жұмысты атқарудан бас тартты. Онымен соттасып болғасын екінші рет жарияладық. Жеңген компания қажет құжаттарды тапсыра алмады. Тамыздың аяғында соңғы рет жарияланған байқауда мердігерлерден ешкім ынта білдірген жоқ. Енді жоспар бойынша бұл көшеге келесі жылы қиыршық тас төселеді. Қажет қаражатты бюджетке енгізіп жатырмыз.

Сөйтіп, әкімдіктегілер мәселе алдымыздағы жылы шешіледі, деп сендірді. Көшені жаңғыртуға шамамен 10 миллион тенге қажет екендігі де есептеліп қойған. Жалпы, «Косогор» шағын ауданының жолы тек 2016 жылға қарай толық жөнделіп бітеді, дейді шенеуніктер.

Абзал ҚҰРМАНКИН