$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Шығыс Қазақстанда жауған қар көлік жүргізушілерге қиындықтар туғызды

AstanaTV
27.10.2014ж. 20:00
1773
Шығыс Қазақстанда жауған қар көлік жүргізушілерге қиындықтар туғызды

Тосын келген қысқа Шығыс Қазақстанның коммуналдық шаруашылықтары емес, жүргізушілері дайын болмай шықты. Түнде жауған қар көлік жүргізушілерге бірқатар қиындықтар туғызды. Көшелерде ұзын сонар кептеліс пайда болып, он шақты көлік оқиғасы орын алды. Авто әуесқойлардың көпшілігінің жазғы шинамен жолға шығуға батылы жетпеді. Ал арнайы техника жұмысқа таң атпай кірісті. Орталық көшелерде қар күреліп, қиыршық тас төселді. Алайда шет аудандарға арнайы машиналар ақыры жете алмады.

Синоптиктер, ауа райының құбылуы күздің еркелігі емес, биыл бір айға ерте басталған қыстың қалыпты суығы дейді. Минус температура күндіз де сақталмақ. Шина ауыстыру орталықтарында кезекке бір күн бұрын жазылу керек. Ал көлік жөндеу орталықтары тәулік бойы жұмыс істеуге көшті. Қаланың коммуналдық қызметі кептелісті болдырмау үшін, жолға құм төсеуді түнде жүргізбек. Ал жұмысқа кедергі келтірген көліктерді айып тұраққа алып кетеді. Қалалық жолаушылар тасымалына келетін болсақ, аяз сақталған жағдайда автопарк қысқы дизельді отынға көшеді.

Жандос Байырханов, Өскемен әкімдігі тұрғын үй коммуналдық қызметі бөлімінің басшысы:

Қолымызда бар техниканың жартысынан көбі қысқы режимге дайын. Қалғандары жаздан қалған жұмысты бітіру үшін, жұмыс істеп жатыр. Себетін құм, тасқа келетін болсақ, материалдар толықтай дайын. Қажет уақытында жолға шығамыз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ