Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қызылжарда айдында қалған құстарды құтқару операциясы жүргізілуде

AstanaTV
27.10.2014ж. 20:00
1012
Қызылжарда айдында қалған құстарды құтқару операциясы жүргізілуде

Қызылжарда қыс бірден қаһарына мініп, қанаттары қатаймаған аққулар оңтүстікке ұша алмай, қалып қойды. Төтенше жағдай қызметкерлері айдында қалған құстарды құтқару операциясын жүргізуде. Әзірге көлдерден 15 құс табылды. Балықшылар басқа өзен-көлдерде аққудың тағы он шақтысын байқағандарын айтады. Олардың айтуынша, бұлар қауырсындары әлі қатайып үлгермеген биылғы балапандар, сондықтан жылы жаққа ұша алмай қалған. Аман қалғандары жергілікті ботаникалық баққа орналастырылды. «Орын барлығына дерлік жеткілікті», - дейді мекеме басшысы. Бақ жем-шөппен де жақсы қамданған. 


Айта кету керек, соңғы кезде жыл құстарының жылы жаққа ұшпай, қыстап қалуы жиі қайталананып жүр. Мәселен, былтырғы қыста 7 аққу құтқарылды. Дегенмен, оларды қамыс арасынан табу оңай емес. Себебі мұз әлі қатып үлгірмеген. Қалыңдығы не бары 7-10 см. «Тіпті көлдерді тінту кезінде мұз қақ жарылып, құтқарушылардың суға құлаған кездері де болды», - дейді төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдері.

Андрей Морозов, құтқарушы:

Егер де оларды құтқармасақ, түлкілер талап тастайды. Сондықтан қала маңындағы өзен-көлдерді түгел тінтіп шығуға тырысамыз. Су қатқаннан кейін, аққулар қанаттарын мұзға соғып, жаралап алады. Сондықтан құтқарылған аққулар алдымен ботаникалық бақтың ветеринар дәрігеріне көрсетіледі. Кейін ем алған соң, арнайы қораларға жіберіледі.

Абзал ҚҰРМАНКИН