$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Өскеменнің саяжай кооперативтерінің тұрғындары алаңдаулы

AstanaTV
28.10.2014ж. 20:00
2796
Өскеменнің саяжай кооперативтерінің тұрғындары алаңдаулы

Саяжай тұрғындарынан сабыр қашты. Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың кешегі «саяжайлар тұрғын үй ретінде заңдастырылмайды» деген мәлімдемесінен кейін, саяжай кооперативтерін паналап жүрген жұрт дүрліге бастады. Ірі қалалардың маңындағы саяжайлар «тұрғын алқаптарына» айналып бара жатқандығы рас. Онда негізінен қалаға, цивилизацияға жақын болуды көздеп, алыс-шалғай аудандар мен ауылдардан көшіп келген азаматтар мекендеуде. Қарапайым халық енді баспанамен қоса тіркеуден де айырыламыз деген үрейде. 

Тілебалды Жадариев саяжайда 2005 жылдан бері тұрып келеді. Баласы, немерелері де осында. Ауылдағы жоқшылық жанға батып, үрім-бұтақтарымен бірге қалаға бет бұрдық дейді ақсақал. Қарияның жинап-терген қаражаты тек саяжай кооперативіндегі «үйшікке» ғана жеткен екен.

Тілебалды Жадариев, саяжай кооперативінің тұрғыны:

Ауылдан осында көшіп келу үшін, біз соңғы малымызды саттық. Тіпті сол жақтағы үйімді бұзып, құрылыс материалдарын осында жеткізіп, соған үй салдық. Басқа мүмкіншілік болған жоқ.

Саяжайлар тұрғын үй ретінде заңдастырылмайтындығы туралы ақпарды естіген зейнеткер немерелері үшін алаңдайтындығын айтуда. «Саяжай үй болмаса, онда тіркелуге де рұқсат берілмейді ғой?!» - деп қынжылды қарт. 


Тілебалды Жадариев, саяжай кооперативінің тұрғыны:

Біз қайда тұрамыз енді? Кімге барып айтамыз? Балаларымыз, немерелеріміз бар ғой! Ауруханаға, мектепке не әкімдікке бара алмаймыз ба сонда?

Серік Нығметов, саяжай кооперативінің тұрғыны:

Әрине, шенеуніктерге шешім қабылдау жеңіл. Әлеуметтік қорғаусыз қалған халықты ойлап жатқан адам жоқ. Шарасыздан тұрып жатырмыз осында. Заңды қабылдар алдында, ең алдымен жұртты ойлау керек қой!

Ал әкімдіктегілер саяжай кооперативтеріндегі жолдардан бастап, трансформатор, су құбырлары мен электр бағаналарына дейін жұртшылықтың меншігінде екендігін алға тартуда. Барлық инфрақұрылымды саяжай тұрғындары өздері қадағалайтын көрінеді. «Тұрғылықты халық қалалық тұрғын үй коммуналдық қызметімен келісімшарт жасасқысы келмейді. Кейіннен тағы үйді заңдастырып бер деп өтінеді. Бұл заңға қайшы», - дейді қала әкімінің орынбасары.

Владимир Головатюк, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

Тұрғындардың көп бөлігі саяжайда үнемі тұрмайды. Ал кооператив болса, электр трансформаторларын тәуліктер бойына қосып қоюға мәжбүр. Осыдан электр қуаты көп мөлшерде шығындалады. Кейбір адамдар тіпті электр қуатын заңсыз тартып алады. Саяжайлардағы санитарлық жағдай да мәз емес. Жұртшылық қоқыс шығарушы шаруашылықтармен келіссөздер жүргізбей келеді.

Саяжайды паналайтын халық «үйшіктерін» қолжетімді баспана бағдарламасы бойынша алдық деп әзілдеуде. Алайда әзілдің астында үлкен қынжылыстың бар екендігі сезіліп-ақ тұр. Атқарушы билік пен саяжай тұрғындары қалай тіл табысары әзірге белгісіз. Ал қарапайым да, арзан «саяжай үйшіктері» шыныменен де қолжетімді баспанаға айналып бара жатқан секілді.

Жұрағат БАМАН