Қызылжарда егіннің жоғары
ылғалдылығына байланысты элеваторлар бидайды кептіріп үлгере алар емес.
Дән далаға төгілуде. Мәселен, «Колос» астық қоймасы әдетте тәулігіне ырыс
дәнінің 1500-2000 тоннасын қабылдауға қауқарлы. Алайда биыл ауа райының
қолайсыздығынан егінді кептіру мүмкіндіктері 3 есе кеміген. Осының салдарынан
элеватор тіпті бидайды қабылдауды екі күнге тоқтатты. Кәсіпорын жетекшісінің
айтуынша, қазір астық сақтау қоймаларына күні-түні жұмыс істеуге тура келеді.
Серік Қашағанов, «Петропавл-Астық» астық қабылдау комбинаты» ЖШС директоры:
Бізге тапсырылып жатқан
бидайдың ылғалдылығы 30%-дан асады. Бұндай бидайды кептіру техонологиясы 3
кезеңнен тұрады. Қазір тәулігіне 500-600 тонна кептіре аламыз. Кеше-бүгін жүк
көліктерді қабылдаған жоқпыз. Қазір қолда бар астықты кептіріп, ертең қайта
ашыламыз.
Петропавлда 3 элеватор бар. Біреуінің жабылуына
байланысты, қалғандарына артылар жүк ауыр. Мәселен, «ТНС Экспорт» қоймасының
маңында кешелі-бері көліктердің ұзын-сонар кезегі пайда болды. Жүк көліктерінің
қатары сағат сайын толығып келеді. Элеватор бәрін бірдей қабылдай
алмағандықтан, дән далаға төгіліп жатыр. Айта кету керек, ресми деректерге
сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында жалпы сыйымдылығы 3,7 млн тоннаны
құрайтын 58 астық қоймасы бар. Қазір қамбалар 30%-ға толық. Диқандар
тапсырған бидайдың басым бөлігі - үшінші сұрыпты.
Абзал ҚҰРМАНКИН