$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Түркияда кеніштегі жарылыстан 18 кенші жер астында қалды

AstanaTV
30.10.2014ж. 10:00
837
Түркияда кеніштегі жарылыстан 18 кенші жер астында қалды

Түркияның Қараман қаласы Ерменек елді мекеніндегі көмір кенішінде жарылыс болып, жұмысшылар жер астында қалды. Жиырма алты кенші түскі ас ішуге жиналған кезде шамамен 350-400 метр тереңдікте су құбыры жарылып, апат орын алған. Жан-жаққа қашқан жұмысшылардың он сегізі жер астында қалып, 8-і сыртқа шығып үлгерген. Қалғандарының тағдыры бүкіл Түркия жұртын алаңдатып отыр.

Кен орнына алғашқы болып жеткендердің бірі 18 кеншінің туған-туыстары. Олар хабар-ошарсыз жер астында қалған жақындарының жағдайына алаңдайды. Өйткені құтқарушы топ та олардың тірі немесе қаза тапқанын басып айта алмай отыр. Ал апаттан аман қалған Әли Гүндоғлу көргенін баяндады.

Әли Гүндоғлу, жұмысшы:

Барлығымыз жан-жақта жиналып, асқа келе жатқан едік. Сол сәтте дүмпуі қатты үлкен жарылыс болды. Жоғарыға жақын тұрған біз сегіз жігіт бірге қаштық. Ал төмен жақта қалған 18 адам басқа жол іздеп, бізге қашыңдар деп айқайлады. Кейіннен белгілі болғандай, газ емес, су құбыры атылған екен.

Апаттың нақты неден болғаны белгісіз. Дегенмен, мамандар қазба орындарының қабырғасы немесе тау жынысы құлап түскен болуы мүмкін. 18 кеншінің жолы жабылып, сол себепті шыға алмай қалса керек, деп болжам айтты. Жарылған құбырдың судың деңгейі көтеріліп, уақыт өткен сайын көбеюде. Елдің энергетика және табиғи ресурстар министрі дәл қазір кеніште 10-11 мың тонна су бар, деді.

Танер Йылдыз, ТР энергетика және табиғи ресурстар министрі:

Біз қазір жиналған суды үш жақтан мотор арқылы сыртқа шығарып жатырмыз. Бізге білгісіз болып тұрғаны, бұл тек құбыр суы ма, әлде жаңбыр суы ма? Жұмысшыларды аман алып қалудың барлық жолын қарастырудамыз.

Бұл бір жылда екінші рет тіркеліп отырған жарылыс. Бірнеше ай бұрын 301 жұмысшының өмірін қиған Сома кенішіндегі оқиғаны ел-жұрт әлі де қорқынышпен есіне алады. Билік өкілдері бұдан былай болдырмауға тырысамыз деп жұбатқан еді. Алайда, айтып келмейтін апат түн ауа Түркия халқының ұйқысын бұзды. Оқиға орнына мыңдаған құтқарушы топ келіп, жер астында қалған кеншілерді аман алып қалуға тырысуда.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ