Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қарағанды облысында бала асырап алуға ниетті ата-аналар көбейгені қуантады

AstanaTV
18.01.2016ж. 20:00
1726
Қарағанды облысында бала асырап алуға ниетті ата-аналар көбейгені қуантады

Соңғы 1 жылда Қарағанды облысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 189 бүлдіршін отбасы жылуына бөленді. Тағы 23 бала туыстарын тапқан. Мұндай жетістікке жетуде балалар үйі жанынан ашылған «бала асырап алуға ниетті ата-аналар мектебінің» үлесі зор. Кеншілер шаһарында қолға алынған тың жоба жайында Айжан Қуаш тарқатады.

Ата-аналар мектебі облыстағы 7 балалар үйінде ашылған. Балалы болғысы келетіндер мұнда сәбиге ең жақын адам болудың қыр-сырын үйренеді. Қуанарлығы - мұндай батыл қадамға барғандар өте көп. Солардың бірі - Евгения, арманын орындау үшін Алматыдан арнайы келген. Жұбайымен бірге «Құлыншақ» балалар үйі жанындағы мектепте дәріс алып жүр. Жетімнің бірін бауырына басқысы келген әйел мамандардың жұмысына көңілі толатынын айтады.

Евгения Скрынникова, бала асырап алуға ниетті ата-аналар мектебінің тыңдаушысы:

Мектеп көп нәрсені үйретті. Психологтардан бала тәрбиесінің маған беймәлім қырларына қанықтым. Баланың өзін-өзі ұстауы, кек сақтауы секілді тақырыптарды талдап, оның себептерін білдім. Қайтсем баланың жақын досы бола алатынымды психолог маман түсіндірді.

Облыста 4 жарым мыңдай жетім бала бар. Психолог-мамандар бүлдіршіндердің барлығына бірдей лайықты отбасын табу қиын екенін айтады. Сондықтан болашақ ата-аналармен бірлесе отырып, әуелі түрлі кикілжіңдерді шешу жолдарын талдайды екен. "Өмірде кездесетін шынайы оқиғаларды мысалға ала отырып, баланың жаңа отбасына сіңіп кетуіне мүмкіндік беретін тұстарды  бірлесіп іздейміз",- дейді. Заңгерлер бала асырап алуға қажет құжаттарды рәсімдеу, әлеуметтік кепілдік мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Светлана Буркеева, «Құлыншақ» балалар үйінің директоры:

Біздің мамандардың баланы отбасына беру үшін аянбай еңбек ететіні қуантады. Мұнда ата-аналар екі апта бойы дәріс алады.  Балаға күтім жасауды үйреніп, оны дұрыс тәрбиелеудің қыр-сырына қанығады.

Мектептегі мамандардың айтуынша, бала асырап алғысы келетіндер бұл қадамның қаншалықты жауапты іс екенін осында келген соң ғана түсінеді. Алайда, ешқайсысы қиындықтан қашып сырт айналмапты. Баласыз кеткендер де болмаған. Тіпті туыстары мен биологиялық ата-анасына оралған бүлдіршіндер де бар. 

Светлана Буркеева, «Құлыншақ» балалар үйінің директоры:

Балаларды туған отбасыларына қайтаруға күш салып жатырмыз. Қамқорлыққа алғандар, патронат, келісімшартпен қонаққа шақырулар да бар.

Арнайы мектепке денсаулығына байланысты бала сүйе алмаған жас отбасылармен бірге, өз балалары бар жұбайлар да келеді екен. Дәрістер мен мамандардың кеңесі айтарлықтай нәтиже берген. 189 бала жаңа ата-анасын тауыпты. Бұл тәжірибеге басқа аймақтардан қызығушылық танытып отырғандар бар көрінеді. 

Айжан ҚУАШ