$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Атырауда құрылысына тұрғындар қарсы болған жанар-жағармай бекеті бұзылатын болды

AstanaTV
30.10.2014ж. 20:00
1265
Атырауда құрылысына тұрғындар қарсы болған жанар-жағармай бекеті бұзылатын болды

Атырауда құрылысына тұрғындар қарсы болған су жаңа жанар-жағармай бекеті бұзылатын болды. Сарықамыс мөлтек ауданы халқының шағымына сәйкес қалалық прокуратураның берген талап-арызын сот қанағаттандырды.

Владимир Малахов, Атырау қалалық прокурорының орынбасары:

Май құю бекеті тұрғын үйлерге өте жақын орналасқан. Халықтың басты қарсылығы да осы болды. Тексеріс барысында жер туралы заңнама талаптарының бұзылғандығы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмағандығы анықталды. Біз сотқа талап арыз бердік. Сот бізді қолдады. 2 қазанда жер учаскесінің сату және сатып алу  келісімшартын заңсыз деп танып, «СиноОил» компаниясына  темір бетонды  қондырғыны алып тастауға шешім шығарды. Дегенмен шешім заңды күшіне енген жоқ. Тарап жоғарғы инстанцияларға шағымдануға құқылы. 

Еске салайық, үстіміздегі жылдың наурызында Сарықамыс мөлтек ауданы халқы біздің арнаға шағымданған болатын. Көпқабатты баспаналарының тұсынан жанар-жағармай бекетінің құрылысы жүріп жатқанын айтып, қарсылық білдірген. Үй іргесі мен бекеттің ауласына дейінгі қашықтық 20 метрден аспайтынын алға тартқан. Алайда сол кезде сұхбат берген қалалық әкімдік өкілі құрылыстың заңды жүріп жатқанын айтқан. Тұрғындар шағымы бекер болмапты. Аумақ расында да құрылыс нормаларына сай болмай шықты. Сондай-ақ бұл жерде 1000 вольттан жоғары электр желісі  де орналасқан екен. Енді дауға айналған нысан, құрылысы аяқталғанына қарамастан, сот шешімімен бұзылатын болды.

Базаркүл ІЗІМОВА