$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Алматыда «Өмір сүргім келеді» тақырыбында көрме ашылды

AstanaTV
31.10.2014ж. 20:00
1539
Алматыда «Өмір сүргім келеді» тақырыбында көрме ашылды

Өмір сүргім келеді. Осындай атаумен Алматыда қайырылымдық кеш өтті. Қатерлі ісік дертіне шалдыққан балалар салған картиналар аукционға қойылды. Жиналған қаражат балаларға ота жасауға жұмсалмақ. Жалпы Қазақстанда аталған дертке шалдыққан бір жарым мыңға жуық бүлдіршін бар. Науқас балаларды емдеуге ата-ананың мүмкіндігі жетпейді. Өйткені олардың көпшілігі - шалғай жатқан ауылдардағы қарапайым отбасылардың балалары.

Көрме төрінен көздің жауын алатын жиырма өнер туындысы орын алған. Бұл жай ғана бояу жағылған суреттер емес. Мазмұны терең: ертеңге деген үміт, қатерлі дертпен күрес, әр күні үшін арпалысқан бүлдіршіндердің армандары бейнеленген. Қазақстанның атақты суретшілері онкологиялық орталықтағы балалармен бірігіп, суреттерді салуға демеу болды. Енді бірегей картиналар аукционда сатылып, түскен қаржы қатерлі ісікпен күресіп жатқан жандарға берілмек.

Айжан Молдашбаева, қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының маманы:

Бүгінгі шараның басты мақсаты - қатерлі ісікпен ауырып емделіп жатқан балаларға ақша жинап, солардың еміне, киіміне, жолына және солардың армандарын орындауға арналған шара. Ары қарай емделуге қолдау болсын, ата-аналарына дейін қолдау болсын деп жасалып жатқан шара.

Дәрігерлер ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға жағымды эмоциялар пайдалы екенін дәлелдеген. Көтеріңкі көңіл сауығып кетуге септігін тигізеді дейді. 12 жастағы Аружан - солардың бірі. Анасы баланы түрлі үйірмелерге баулу арқылы, сауықтырған. Бейнелеу өнеріне бейім Аружанның соңғы сараптамасында қатерлі ісіктің жоқтығы анықталыпты. Дегенмен ол да бүгінгі шараға ат салысты. Әр туындысының айтары бар.

Аружан Тоқан, лимфогранулематоз дертінен арылған бала:

Мынау - анасы, мынау – әкесі, ал мынау - балалары. Барлық балалар әкесімен бақытты болсын. Ауырмасын, аспандары ашық болсын дегендей. Бұл енді менің ауруыма үлкен көмектесті.

Гүл Әбіт, А.Тоқанның анасы:

Мұндай ауруды дұшпанымызға тілемес едік. Аналар да мойымасын. Бала жыласа, жыламасын, оны қуантып. Адам ең бастысы - бәрін жеңеді екен.

Балалардың суреттері саудаға шығарылған бәссаудаға жүзден аса қайрымды жан жиналды. Оларға ауруханадағы балалардың бейнетаспасы көрсетілді. Балғындар туындылары сәтті сатылса, қандай бұйым алғысы келетіндерін баяндайды.

Мен компьютер алғым келеді. Ал мен үлкен кукла алғым келеді.

Аукционда кейбір картиналардың бағасы 1 мың доллардан артық бағаға саудаланды. Жалпы қайрымдылық кештің қорытындысы бойынша шамамен бір жарым миллион теңгеге жуық қаржы жиналды. Ұйымдастырушылар оның барлығы онкологиялық орталықта шұғыл отаны күткен науқас балалар үшін жұмсалатынын айтты. 

Берік ХАСЕНОВ