Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Астанада «Дені сау ұрпақ - ұлт болашағы» атты есеп беру концерті өтті

AstanaTV
31.10.2014ж. 20:00
1309
Астанада «Дені сау ұрпақ - ұлт болашағы» атты есеп беру концерті өтті

Біздің мақсатымыз - «Мүмкіндігі шектеулі балалардың мүмкіндігі шексіз екенін көрсету». Ауыр науқасқа шалдыққан балалардың ем-домына қаражат жинайтын «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының ұстанымы бұл. Осы уақытқа дейін 200-дей баланың оңалуына сеп болған қордың Астанада «Дені сау ұрпақ - ұлт болашағы» атты есеп беру концерті өтті. Тоғжан Жалғасбекқызы толығырақ.

Бұл - сал ауруына шалдыққан балалардың қолынан шыққан туындылар. Олардың өнер мен өмірге деген құлшыныстары мықты. «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталығында негізінен аз қамсыздандырылған отбасылар мен жетім балалар емделеді. Сондай-ақ оңалту құралдары еліміздің 16 өңіріндегі балалар үйіне қойылған. Соның арқасында бүгінге дейін 200 -ден аса бала қажетті ем алды.

Гүлмира Алимова, «Қасиетті жол» қоғамдық қорының директоры:

Балалар оңалту орталығында 21 күн ем қабылдайды. Қазіргі уақытта Астанадан 20 бала және аймақтардан 5 бала келіп, емделуде. Біз әр баланың жасаған бір қадамына қуанамыз.

Қайырымдылықтың шарапатын көргендердің бірі - 5 жастағы егіздер Бекарыс пен Жанарыс. Екеуі де сал ауруына шалдыққан. Алайда, тек еңбектеп қана жүретін балғындар 21 күн оңалту орталығынан ем алған соң, алғашқы қадамдарын жасай бастады.

Гүлшат Әмірова, Бекарыс пен Жанарыстың анасы:

Алғысым шексіз. Бірінші айтады ғой «Ана үшін баланың күлкісі қымбат» деп. Рас. Біреуінің жүріп, тәй-тәй басып кеткені, екіншісінің жүре бастағаны - мен үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар.

«Қасиетті жол» қайырымдылық қоры «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, бірнеше ауқымды жобалар қолға алған. Ал «Астана» телеарнасымен бірлескен жобалардың арқасында 18 жетім бала ата-ана қамқорлығына алынды. Қайырымды іс үшін арнамыз «Алғыс хатпен» марапатталды.

Илхам Ибрагим, «Астана» телеарнасы арнайы жобалар бөлімінің басшысы:

Біздің «Астана» телеарнасында 2 жылдан бері «Біз біргеміз» бағдарламасы көрсетіліп келеді. Осы уақыт аралығында біз ондаған баланың шетелде қымбат операциялар жасатуына ұйытқы болғанымызға қуаныштымыз. Бұл балаларды мүмкіндігі шектеулі деп айтуға болмайды. Бұлар ерекше тағдырмен туылған балалар. Дәл осы ерекше балаларға қол ұшын созамыз және «Біз біргеміз» деп айтқымыз келеді.

Қайырымдылық қоры оңалту орталығынан ем алатын балалар санын көбейтуді көздейді. Себебі елімізде сал ауруына шалдыққан 10 мыңнан аса бала бар. Ал мұндай диагноз қойылған балалар жылына кем дегенде 4 рет ем-дом шараларын қабылдауы керек.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ