$485.11 €523.82 ₽5.02
×

ҰКП: Сапа талаптарына сай келмейтін өнімдер сатылымнан алынсын

AstanaTV
03.11.2014ж. 20:00
1047
ҰКП: Сапа талаптарына сай келмейтін өнімдер сатылымнан алынсын

«Қазақстан ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқарсыз. Көптеген тауарлардың техникалық регламентін қадағалауда Ресей мен Беларусь елінен қалып қойдық. Және мұны жасырудың қажеті жоқ». Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев осылай деді. Айтуынша, көрші Ресейден елімізге жыл сайын 1 миллиардтай жұмыртқа ешбір құжатсыз, контрабандалық жолмен келеді. Бұл - бір ғана мысал.

Ал осындай тауарларды анықтап, қадағалап отыру мүмкін болмай тұр. Өйткені Кеден одағының техникалық регламентінде жұмыртқаға қатысты таңба жоқ. Тауар сапасын қадағалайтын отандық регламентте ондай таңба болғанымен, таңбалау ерікті түрде жүргізіледі.

Рахым Ошақбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Құзырлы органдармен аталмыш техникалық регламентке өзгертулер енгізіп, жұмыртқа мен жұмыртқа өнімдерін міндетті түрде таңбалаудан өткізуді талап етеміз. Егер де тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті қолдаса, келесі жылдан бастап таңбасыз жұмыртқаның айналымын бақылауға аламыз.

Ал мәжілісмен Азат Перуашев, Қазақстанның тауар нарығында сапа қауіпсіздігінің сақталмауы тек жұмыртқамен шектелмейді, деп отыр. Депутаттың айтуынша, елімізге жеткізілетін шет елдік тауарлардың жартысына жуығының сапасы күмәнді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Өткен жылдың 1 наурызы мен биылғы жылдың 1 наурызы аралығында Қазақстанға шеттен келген азық-түлік жалпы айналымының 46 пайызы қажетті сапа құжатынсыз. Оны реттеуге, тіпті анықтауға мүмкіндік жоқ. Бұл осы саладағы жағдайды анық көрсетеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ