Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Астанадағы қалың тұман еліміздің басқа өңірлеріне ығысады

AstanaTV
04.11.2014ж. 10:00
1521
Астанадағы қалың тұман еліміздің басқа өңірлеріне ығысады

Астанада бірнеше күн бойы тұрақтаған тұман солтүстік пен солтүстік-батыс, шығысқа қарай ойысады, деп хабарлайды «Қазгидромет». Қалың тұман суық ауа массаларының жылы ауамен алмасуынан туындап отыр. Бұл оңтүстіктен келген циклондармен байланысты.

Мамандардың айтуынша, биыл қарашаның алғашқы күндері еліміздің әр өңірлерінде орнаған ауа райы климаттық нормадан 3-8 градусқа жоғары. Мұндай жағдай Астана қаласына да тән. Содан болар бірнеше күн бойы қатарынан елорда қалың тұман құрсауында.

Саида Бердібекова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

Қазір өңірде адвективті тұман байқалып отыр, бұл көлденең келген суықтың жылы ауа массаларымен алмасуының салдары. Елімізде орнаған жылы ауа райы салқын ауамен алмасуда. Тұманның басты себебі осы. Және ол облыста әлі бір күн сақталады.

Синоптиктер алдағы 3 күнде еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынды болып, жаңбыр соңы қарға алмасады деп отыр. Циклон оңтүстіктен солтүстік-шығысқа, оңтүстік-батыс және орталық аймақтар арқылы жылжып, болжам бойынша 6 қарашада шығыс аймақтарға жетеді. Бұл жағдайдың соңы жауын-шашынға ұласады. Аталған өңірлерде алдағы үш күнде жаңбыр, кей жерлерде қар жауады деп болжануда.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ