$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанадағы шаршатқан қоғамдық көлік

AstanaTV
16.01.2016ж. 20:00
3246
Астанадағы шаршатқан қоғамдық көлік

Астанадағы үскірік аяз ғана емес, қоғамдық көлікке де қатысы бар «астаналық титаник» деп айдар таққан ролик туралы сәлден кейін. Қазір... Қазір елдің ығырын шығарған сол қоғамдық көлік туралы арнайы репортаж.

БЛИЦ:

1. - Мына 104 деген автобустар керемет бір-бірімен жарысып, сөйтетін. Кішкентай болған кездерінде. Жолға таласып, адамға таласып.  

2. – 51-ге мінем, таңертең сол жақ жағалауға жұмысқа барамын. Үлкен автобус болса ғой. Орын деген жоқ. Бір аяғымызбен тұрып барамыз!   

Қоғамдық көлікті «тізгінге» алмаса, тәртіп бұзылып барады. Әсіресе, Астанада жолаушылар тасымалы шұғыл реттеуді қажет ететін халде. Автобус біткеннің сыртын қойшы, іші де лас, тазалық жоқ. Бұған қоса, кондукторлар мен жүргізушілер де шетінен дөрекі. Бұл - сейсенбі күні әкім Әділбек Жақсыбековтың автопарк директорларымен болған жиында айтқаны. Себебі соңғы уақытта әкімдік сайты осындай шағымға толған.

1. Қоғамдық көлік кондукторлары неге дөрекі сөйлейді?Өздерін қалай болса, солай ұстайды. Мұны кім бақылайды жалпы?

2. Таңертең №10 автобустың санын арттырып, кешкі уақытта ондағы ұрлықты болдырмауға бола ма өзі?Әйтпесе, автобустарда сұғанақтар қаптап жүр.

3. Үнемі ереже бұзатын қалалық автобус жүргізушілеріне қатысты шаралар қабылдауды сұраймыз. Олар бір-бірімен жарысады, кестеден қалып жүреді, кенет тоқтап, кенет жүріп кетеді.

 

2015 жылы әкімдік сайтындағы «Вертуалды қабылдау» және «Халық бақылауы» бөліміне астаналықтардан 12 мың 567 шағым түсіпті. Басым бөлігін қоғамдық көліктің қызметіне көңілі толмайтындар жазған. Сондықтан әкім автопарк директорларына қымбат джиптарынан түсіп, бір сәт автобуспен жүріп, мәселеге «ішінен» үңілуге тапсырма берді.

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі: (аударма):

Қоғамдық көліктегі тазалық нашар. Бақыламайсыңдар, не болып жатқанын білмейсіңдер. Сөйте тұра, дұрыс жұмыс атқарып жатырмыз деп есеп бересіңдер. Астарыңдағы машинаны тастап, автобусқа отырып, тексеріп шығыңдар жағдайды! 

Әкімнің тапсырмасын қалай орындайтындарын  біз де көруді ұйғардық. Сөйтіп, автопарк басшыларына джиптарынан түсіп, бірлесе барлау жасауды ұсындық. Тек оған түрлі сылтау айтып, транспорттық мекемелердің бірде-бір директоры келіспеді. Тіпті «мақтанатын жағдайда емеспіз», - дегендері де кездесті. Көрсететін түгі жоқ екенін джиптен түспей-ақ білетіні ғой. Жалпы Астанада 8 автопарк бар.

Қыстырма  Автобустың іші... Кондуктор аялдаманы айтады...

- Келесі Әлия Молдағұлова!

Жүсіп Жұмабек №4 автопаркке қарасты 31-ші бағытта қатынайтын автобустың кондукторы. Бұл қызметте жігіттің 2 жылдық еңбек өтілі бар.  Айтуынша, клиентпен жұмыс істеу өте қиын.

Жүсіп Жұмабек, кондуктор:

Не дегенмен халықпен жұмыс істеу қиын. Кешігу енді кешкі уақыттарда кез келген бағытта болады. 5-10 минут кешігіп қалады. Кептеліс болады. Өз жұмысымда шағым түскен жоқ. Паркте де айыппұлым болған емес. Болады енді жаңадан келгенде. Кондукторлардың адресті дұрыс айтпай қалатындары болады. 

Сәдуақас Бекманов та жолаушылар арызынан әбден мезі болған астаналық жүргізушінің бірі. Өзінің айтуынша, болмашы жайттарға бола талай мәрте айыппұл төлепті. Содан болар рөл тізгіндеген азаматтың елге іштей реніші бар. 

Сәдуақас Бекманов, автобус жүргізушісі:

Таңғы 5-тен ұйқыдан тұрасың, сосын түнгі 11 жарым,  12-ге дейін жүресің. Шағым айтатындар болады. Алмай кетті аялдамадан деп. Сол кезде бізге 8 мың теңге айыппұл салады. Дұрыс емес ол енді.

Дегенмен қоғамдық көліктегі келеңсіздікті көрем деушілерге ғаламторда таңдау жетерлік. Бірінде кондуктор мен клиент шаш жұлысып жатса: Бейнеқыстырма//автобустағы төбелес///

Енді бірінде жүргізуші қып-қызыл төбелестің ортасында жүреді.

Бейнеқыстырма//автобуста жүргізуші төбелесі///

Дей тұрғанмен автобус ішінде көңілді сәттер де болып тұрады. Мәселен, мына кондукторды нағыз асаба дерсің.

Бейнеқыстырма// кондуктор өлеңдетіп айтады, аялдамаларды///

Жол ережелерін өрескел бұзу да автобус тізгіндегендердің жаман әдеттерінің бірі. Жолаушыға талас құдды бір бәйге жарысы секілді. Кептелістің ортасында қалып қоймау үшін, ережені ысырып қойып, «орағыта қашу» да тыйылмай тұр. Екінші жағынан, интервалдың ұзақтығынан үскірік аязда жұрт дірдектеп, аялдамада аяқты-аяққа ұрып тұрғаны.

Айгүл Ысқақова, Астана қаласының тұрғыны:

30-35 минутқа дейін тұрып қаламыз. Жаздыкүні ештеңе емес, мына қыста қиын! Күте алмай басқа автобустарға отырып. 34-ке шыдамымыз жетпейді. Тағатымыз таусылып, басқа автобустарға да отырып кете береміз. Бірнеше пересадқа жасаймыз.

Әсіресе, оң жағалау мен сол жағалау арасында қатынайтындар автобус бағыттарының  ақылға қонымды болғанын қалайды. Әйтпесе жұмысына 1,1,5 сағат жүріп баратындар бар. Маршруттардың қалай сызылғаны түсініксіз. 

Назым Дүйсенбек, Астана қаласының тұрғыны:

Бір автобус шығару керек екі жаққа да баратындай. Бір автобуста кейін екіншісіне отырып қиналмас үшін.

Астанада 900-ге жуық қоғамдық көлік жүреді. Біртіндеп жаңартылып та жатыр. Әрине, қыруар қаржыға. Мәселен, 2014 жылы әкімдік Францияның «IVECO» компаниясымен әрқайсысы 270 мың АҚШ доллары тұратын 350 заманауи автобусты сатып алуға келісім жасаған. Оның 60-ы Елорда көшелерінде жүр қазір. Енді 2017 жылға қарай тағы 850 автобусты алу жоспарланыпты. Тек саны артқанымен, қызмет сапасы бәрібір жақсарар емес. Сөзімізге дәлел «Астаналық титаник» ролигін қазір «Өзге пікір» айдарынан көресіздер.