Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Петропавлда көпір жөндеуші компания уақытты аз бөлгендіктен құрылысты аяқтай алмады

AstanaTV
04.11.2014ж. 13:00
1516
Петропавлда көпір жөндеуші компания уақытты аз бөлгендіктен құрылысты аяқтай алмады

Қызылжарда Жұмысшы кенті мен қаланы жалғап тұрған көпірді жөндеуші мердігер компания құрылысты әлі аяқтай алмай отыр. Айтуларынша, бұған темір жол қызметінің уақытты тым аз бөлуі себеп болған.

Жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген көпірді жаңғырту биыл шілде айында қолға алынған еді. Негізгі тіректерді ауыстыру үшін, темір жолмен өтетін поездардың қатынауын ара-тұра тоқтатуға тура келген. Осыған байланысты мердігерлер Оңтүстік Орал темір жолымен келісім-шарт жасасқан болатын. Әзірге құрылыс жұмыстары 95 пайызға орындалды. «Алайда, жұмысты жылдам аяқтау мүмкін емес. Себебі, темір жол мекемесінің басшылығы жөндеу жұмыстарына күніне жарты сағат қана бөледі», - дейді құрылысшылар.

Николай Лесин, құрылыс басшысы:

Арасында белгілі бір жұмысты бір жарым сағат үздіксіз орындау қажет болады. Ал олар бізге 30-40 минут қана бөледі. Кейде мүлдем бермейді. Сәйкесінше, жоспарланған іс аяқталмай қалады.

Маусым айында жасалған келісім-шартқа сай, тараптар пойыздардың жұмысын 14 рет тоқтатуға уағдаласқан. Осы ретте темір жол компаниясы: «мердігерлер келісілген уақыттың бәрін жұмсап қойды, енді қосымша уақыт сұрап отыр», дейді. Ал оны табу әзірге қиынға соғып тұрса керек. Себебі, бұл жолмен поездар әрбір 6 минут сайын өтетін көрінеді.

Сергей Глуховский, Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы:

Бұл - Транссібір темір жолы. Басы Владивостокта болса, аяғы батыс елдері жақта. Тәулігіне 200-ден астам пойыз өтеді. Оларға қосымша уақыт табу үшін бізге әлгі пойыздарды басқа жолмен жіберуге тура келеді. Бірден 2,5 сағат бере алмаймыз. 1-1,5 сағаттан бөліп отырамыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН