$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қарағандыда тұрып жатқан пәтерін заңдастыра алмай жүрген тұрғындар қатары азаяр емес

AstanaTV
06.11.2014ж. 20:00
1978
Қарағандыда тұрып жатқан пәтерін заңдастыра алмай жүрген тұрғындар қатары азаяр емес

Қарағандыда 10 жылдан бері тұрып жатқан пәтерін заңдастыра алмай жүрген тұрғындар қатары азаяр емес. Жүздеген адам жылдап құжат жинаса да, үйлерін жекешелендіре алмай құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырумен әуре. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары құжаттардың жоғалып кеткенін айтады. Олар анықтамаларды қайта-қайта жинатып, халықтың жүйкесін әбден тоздырған. Баспана заңдастырудың машақаты жайлы Айжан Қуаш тарқатады.

9 жыл бойы жүрмін сандалып. Құжатымды 2 рет тапсырдым. Жоғалтып жіберді. Бұл жерде бардак.

Гүлшат Омарова 2005 жылы әкімдіктің рұқсатымен жалға алған пәтерін әлі күнге заңдастыра алмай жүр. Жалғыз басты ана оған жергілікті билікті кінәлайды. Басшылар мен мекеме атаулары жиі ауысқандықтан, құжат жинаудан әбден шаршаған. Бұл жолы қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары оның құжаттарын таппады.

Білесіз бе, алдында сіздің көзіңізше документімді тапсырдым. Жоғалтып жіберіпсіздер ғой. Міне, осы жолы қайта тапсырдым.

Дарын Бұлқайыр, Қарағанды қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі бастығының м.а.:

Мен бұл кісімен толық келісемін. Алдыңғы жылы тапсырған құжатын бізге бермеген. Мәселені жедел түрде шешеміз.

Құжат жинап, жүйкесі жұқарғандардың бірі - Татьяна Кондратьева. Тоқсаныншы жылдары қожайыны тастап кеткен пәтерді иемденген ол анықтамалар жинап, уақытын өткізіп жүр. Пәтеріне жөндеу жүмыстарын жасауға да қорқады.

Татьяна Кондратьева, Қарағанды қаласы Октябрь ауданының тұрғыны:

Жөндейін десем, басқа біреулерге беріп қоя ма деп қорқамын. Балкон да құлағалы тұр. Біз оған сирек шығамыз.

Пәтерін заңдастыра алмай жүрген тұрғындар бұған тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің бұрынғы қызметкерлерін кінәлайды. Айтуларынша, биыл басшылық 2 рет ауысқан. Былтыр аталған мекеме тұрғын үй қатынастары мен коммуналдық шаруашылық бөлімдері болып екіге бөлінген еді. Сол кезде бұрынғы кадрлар, жұрттың жылдап жинаған құжаттарын қазіргі мамандарға тапсырмаған деп отыр.

Дарын Бұлқайыр, Қарағанды қалалық түрғын үй қатынастары бөлімі бастығының м.а.:

Сол уақытта қызмет атқарған мамандардың себебінен. Тапсырған құжаттарды қолымызға беріп, тапсырғанда, ол мәселелердің аяғы болатын еді.

Тұрғын үй қатынастары бөлімінің дерегіне сенсек, 2007-2013 жылдар аралығында Қарағандыда 800 адам пәтерлерін жекешелендіру үшін құжаттар өткізген. Оның жартысының ғана баспанасы заңдастырылыпты. 150-і қаралып жатыр. Ал қалған 200-і қайта құжат жинау қажеттігінен бейхабар. Алайда тұрғын үй шаруашылық бөлімінде маман тапшы екенін ескерсек, бұл науқан биыл да біте қоймасы анық.

Айжан ҚУАШ